Skip to main content

Балабақша меңгерушісі және оның орынбасары Астанада 13 млн теңгені иемденді

Submitted by Вера Александрова on

Астана қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты «Балабақша» МҚКК меңгерушісіне және оның шаруашылық бөлімі жөніндегі орынбасарына қатысты үкім шығарды.

Ведомство баспасөз қызметінің мәліметінше, олар 13 049 701 теңге сомасындағы өздеріне сеніп тапсырылған мүлікті иемдену және жымқыру бойынша айыпталды.

Сотталушылар кінәсін мойындап, бас бостандығынан айыруға байланысты емес ең төменгі жаза тағайындауды сұрады. 

Жаза тағайындау кезінде сот жеңілдететін мән-жайларды ескерді: кінәні мойындау, кәмелетке толмаған балалардың болуы, залалды толық өз еркімен өтеу және сотталмағандық. 

Нәтижесінде айыпталушылар кінәлі деп танылып, оларға мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 3 жыл бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды.

Еске сала кетейік, қыркүйек айында Ұлытау облысында 2021 жылдан 2023 жылға дейін өз жалақысын көтеріп алған балабақша есепшісі сотталды. 3 жыл ішінде ол өз банктік шотына 15 млн теңгеден астам ақша аударды.

Маусым айында ШҚО-да «Катюша» балабақшасының есепшісі үш жыл бойы жалақы бойынша артық сомаларды есептегені хабарланды. Барлығы ол өз шоттарына 12 млн теңгеден астам ақша аударды.

Мамыр айында Жаңаөзен прокуратурасы екі мемлекеттік балабақшаның есепшісімен бюджет қаражатын жымқыру фактісін анықтады. Ол өз шотына 30 млн теңге аударған.

Наурызда Павлодарда балабақша директоры есепшімен сөз байласып, 63 млн теңгеге жуық жымқыру жасағаны белгілі болды. Сот оларды кінәлі деп танып, 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.