Астанада қыркүйек ортасынан бастап 280 жүк көлігінің жүргізушісі салмақ нормаларын бұзды. Айыппұлдың жалпы сомасы 100 млн теңгеден асты.
Көлік министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, әрбір үшінші самосвал дерлік рұқсат етілген параметрлерді сақтамайды.
«Ауыр жүк көліктері нормадан 2-3 есе асады. 25 тонна рұқсат етілген нормада іс жүзінде 40-60 тонна тасымалданады. Тағы да жүк көліктерінің жүргізушілерін және барлық тасымалдаушыларды рұқсат етілген салмақ нормаларын қатаң сақтауға шақырамыз. Бас мақсат – жолдардың сақталуын қамтамасыз ету», - делінген хабарламада.
Нормаларға сәйкес, автокөлік құралдарының рұқсат етілген массасы мынадан аспауға тиіс:
- үш осьті (М3 санатындағы тіркемелі автобустарды қоспағанда) - 25 тонна;
- төрт осьті, оның ішінде екі басқарылатын осі бар – 32 тонна;
- бес осьті – 38 тонна;
- алты және одан да көп осьті – 44 тонна.
Оське түсетін салмақтың асып кетуіне және кәсіпкерлік субъектісінің меншік нысанына байланысты айыппұл мөлшері 40-тан 1000 АЕК-ке дейін (147 мыңнан 3,7 млн теңгеге дейін) құрайтыны хабарланады.
Еске салайық, қыркүйек басынан бастап Астанада автокөлікті автоматты түрде өлшеу жүйесі іске қосылды. Көліктің шамадан тыс жүктелгені анықталған кезде жүйе автоматты түрде фототіркеу жасайды, содан кейін ақпарат көлік деректер базасының ақпараттық-талдау жүйесіне беріледі.
Фонд-бюро расследования коррупции