Астанада Қазыбек би 7 және Қазыбек би 7/2 көшелеріндегі үй тұрғындары Кіші Талдыкөл көлінің жанындағы болашақ экопарк аумағында жұмыс жүргізіп жатқан құрылыс компаниясына шағымданып жатыр.
«Menin_elim_dala» қоғамдық бірлестігінің мәліметінше, қала тұрғындары нысанға КамАЗ көліктері кіріп, бетон қалдықтарын төгіп, пайдаланылған асфальт пен басқа да құрылыс қоқыстарын көл жағалауына тастайтынын айтады. Өз сөздерін дәлелдеу үшін олар құрылыс алаңынан бейнежазбалар түсіреді.
«Бұл әкімшілік құқық бұзушылықтар. Міне, қараңыздар: қазір тиеп алады да, машина көл жағасына топырақ төгуге кетеді — 100 метр жерге барып төгеді. Олардың рұқсаты жоқ, бәрін өз бетінше, озбырлықпен істеп жатыр», — деді тұрғындардың бірі.
Тұрғындар Кіші Талдыкөлдің экожүйесінің жай-күйіне алаңдап, қалалық биліктен араласып, жағалау аймағының ластануын тоқтатуды сұрайды.
Естеріңізге сала кетейік: Астанада құрылыс қалдықтарын заңсыз төгу мәселесі жүйелі сипатқа ие. Соңғы уақытта интернетте қала шетінде де, орталығында да бетон қоспасын төгу туралы бейнежазбалар үнемі пайда болып тұрады. Мұндай бұзушылықтар үшін небәрі 20 АЕК (78 640 теңге) көлемінде айыппұл қарастырылған, бұл мердігерлерге қалдықтарды полигонға апарудан гөрі, сол жерде «тастау» тиімдірек болады.
Экопаркке келер болсақ, өткен жылдың тамыз айында белгілі болғандай, Астана әкімдігінің оны салу бойынша жұмыс жобасы болмаған, бұған қарамастан жеткізушілерге 5 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген.
Билік өкілдері экопарк жобасын іске асыру қаржыландырудың жоқтығына байланысты тоқтатылғанын мәлімдеген. Кейін әкімдікте жоба бойынша жоба-сметалық құжаттама қайта әзірленіп жатқанын хабарлады.
Фонд-бюро расследования коррупции