Skip to main content

Антикор СК-Фармацияда дәрі-дәрмектерді сатып алу кезінде көптеген бұзушылықтарды анықтады

Submitted by Вера Александрова on

Антикор денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп «СК-Фармация» ЖШС (СКФ) қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізді.

«Талдау нәтижелері көрсеткендей, СКФ-де халықты дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен уақтылы әрі сапалы қамтамасыз ету, фармацевтика саласы мен өнеркәсібін дамыту міндеттерін іске асыруға кедергі келтіретін елеулі сыбайлас жемқорлық тәуекелдері бар», - делінген Антикор баспасөз қызметінің хабарламасында.

Белгілі болғандай, дәрі-дәрмек сатып алу бойынша аукциондардың жартысынан көбі мердігерді таңдау рәсімін өткізбестен анықтау әдісімен жүргізілген. Бұған тек бір өтінім берілген жағдайда да жеңімпазды анықтайтын ережелерге енгізілген нормалар қолайлы негіз болған.

«Фармкомпаниялар бұл олқылықты басқа жеткізушілермен сөз байласып пайдаланып, тендерлерді ең жоғары бағамен ұтып алған. Осылайша бәсекелестік пен сатып алу құнының төмендеуі қамтамасыз етілмеген. Мәселен, 2020-2023 жылдардағы аукциондар қорытындысы бойынша үнемдеудің едәуір үлесі (81%) барлық лоттардың тек 8% (6513-тің 567-сі) есебінен қалыптасқан. Әрбір үшінші лотта (1969 немесе 30%) бағаның төмендеуі мүлде болмаған (0-ден 30 тиынға дейін)», - делінген хабарламада.

Ведомствоның пікірінше, делдал-жеткізушілердің аукционның бірінші қадамына қатысудан жиі бас тартуы, оларға жұптасып қатысуы және «жеңістермен алмасуы» картельдік сөз байласудың кеңінен қолданылуын көрсетеді. Жақында жүргізілген тергеулер мұның жалған бәсекелестік туғызу және сатып алудың жоғары бағасын ұстап тұру үшін жасалатынын растағаны хабарланды.

Сонымен қатар, медициналық жабдықты сатып алу кезінде тендерлік комиссия өтінімдері тендер шарттарына сәйкес келмеген жеткізушілерді аукционға жіберген. Сондай-ақ, комиссия сарапшылардың теріс қорытындыларын елемеген.

Сонымен бірге, Антикор әртүрлі құны бар, бірақ ұқсас техникалық сипаттамалары бар медициналық жабдықты сатып алу бойынша 13 келісімшартты анықтады.

Оған қоса, 8 отандық өндірушінің (қолғап, шприц, йод және т.б.) қызметінде олардың нақты өндірісінің орнына шетелдік өнімді әкелу белгілері бар екені белгілі болды.

«Бұған импорт туралы мәліметтер, қажетті тауар көлемін өндіру үшін әкелінетін шикізаттың жеткіліксіздігі, өндірістік қуаттардың тапшылығы, сондай-ақ электр және су тұтынудың қалыптан тыс төмен көрсеткіштері дәлел болады», - делінген хабарламада.

Сонымен қатар, Антикор «адамдарды конкурстан тыс жұмысқа орналастыру, конкурстық комиссияда тәуелсіз мүшелердің болмауы, мүдделер қақтығысын жою бойынша шаралар қабылдамау, командалық ауыстыру, қосымша төлемдерді, сыйақыларды, іссапар шығыстарын, сондай-ақ СКФ-де нақты жұмыс істемеген жекелеген қызметкерлердің жалақысын негізсіз бекіту»мен байланысты сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтады.

«Жалпы, сыртқы талдау нәтижелері СКФ-де менеджменттің дұрыс ұйымдастырылмағанын көрсетеді, бұл оның алдына қойылған міндеттерді тиісті деңгейде іске асыруға мүмкіндік бермейді. СКФ өндірушілермен тікелей жұмыс істемеген, барлық жұмыс делдалдар арқылы жүргізілген. Негізінен, бұл өндірушілерден дәрі-дәрмек сатып алып, кейін СКФ-ге қайта сату арқылы байыған қажетсіз «аралық буындар». Оның үстіне, мұндай жеткізілімдер картельдік сөз байласу арқылы бәсекелестіксіз, ең жоғары бағамен жүзеге асырылған», - деп хабарлады ведомстводан.

Тіпті СКФ-мен ұзақмерзімді келісімшарт жасасқан отандық өндірушілер де жалған өндіріспен байланысты айла-шарғыларға барғаны атап өтіледі. Нәтижесінде, сыбайлас жемқорлыққа қарсы кешенді шаралар қабылдау үшін Антикор денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп 12 мамырда жоғарыда аталған сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою бойынша ұйымдастыру шараларының жоспарын бекітті.