Skip to main content

Ақтөбе облысында 128 мың гектар ауыл шаруашылығы жерлері мемлекетке қайтарылды

Submitted by Вера Александрова on

Ақтөбе облысы жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрбол Ержанов жыл басынан бері өңірде мемлекет меншігіне 128,9 мың гектар ауыл шаруашылығы жері қайтарылғанын хабарлады. Оның айтуынша, бұған дейін ауыл шаруашылығы министрлігі жыл соңына дейін 160 мың га қайтару жоспарын бекіткен.

Өңір әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, сарапшылар жалпы ауданы 176,4 мың га болатын тағы 94 учаскені тексеруі керек. Өткен жылғы тексеру қорытындысы бойынша 53 учаске талаптарға сәйкестендірілген, төрт учаске мемлекетке қайтарылып, үш учаскеге айыппұл салынғаны белгілі болды.

«Салық органдарымен де жұмыс жүргізілуде. Мәселен, 20 учаске бойынша үш жылда 22 млн теңге сомасына салық есептелді», - деп хабарлады басқарма басшысы.

Аудандарда жайылымдық алқаптарды жақсарту аясында жайылымдарды басқару жоспарлары әзірленді. Бүгінгі таңда жобалар жергілікті мәслихаттардың қарауында. Сонымен қатар Алға және Мәртөк аудандарында жайылымдардың тапшылығы байқалады, онда қайтарылған және резервтік жерлер есебінен аумақтарды кеңейту жұмыстары жүргізілуде.

Су қорғау аймақтары мәселелеріне ерекше назар аударылды. Хабарланғандай, өңірде су қорының 13 мың га жері бар, алайда Ақтөбе қаласының сыртында әлі күнге дейін объектілерді ақпараттық жүйеге енгізу жұмыстары жүргізілмеген.

Осыған байланысты Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров су қорғау аймақтарының шекараларын нақтылау жұмыстарын жандандыруды тапсырды.

«Бұзылған жерлерді рекультивациялау мәселесі де көтерілді. 2025 жылы 535 мың га аумаққа 4 рекультивациялау жобасы бекітілді. Сондай-ақ 10 учаске бойынша жалдау мерзімі аяқталды, бірақ жерлер мемлекет меншігіне қайтарылмаған», - деп атап өтті ол.

Сонымен қатар, өңір әкімі жерлердің мақсатты пайдаланылуын бақылауды күшейтуді, халықтың шағымдарына жедел ден қоюды, сондай-ақ барлық тапсырмалардың орындалуын ерекше бақылауға алуды тапсырды.

Еске сала кетейік, бұған дейін хабарланғандай, жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысының прокуратурасы мақсаты бойынша пайдаланылмаған жалпы ауданы 33,2 мың га 36 жер учаскесін мемлекет меншігіне қайтарды. Олардың жалпы кадастрлық құны 29,8 млрд теңгені құрады.