Қорғаныс министрлігі жүйесінің бес лауазымды тұлғасы қызметке немқұрайлы қарау және ауыр зардаптарға әкеп соққан кеме жүргізу ережелерін бұзуға байланысты қылмыстық құқық бұзушылықтар жасады деген күдікпен ұсталды. Олардың барлығы уақытша ұстау изоляторына (УҰИ) қамалды.
КІМДЕР ҰСТАЛДЫ
Polisia.kz деректері бойынша, ұсталғандардың қатарында — Қарулы Күштердің Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының штаб бастығы – бірінші орынбасары, екі әскери бөлім командирі, теңіз жаяу әскері ротасының командирі және катер командирі бар.
Ұсталғандар күдікті мәртебесіне ие. Олар Ақтау қаласы полиция басқармасының УҰИ-на қамалды. Олардың бұдан әрі жауапкершілігі туралы мәселе заңда белгіленген тәртіппен шешіледі.
ТЕРГЕУ НЕНІ ТЕКСЕРЕДІ
Сотқа дейінгі тергеуді ІІМ әскери-тергеу бөлімшесі «Хазар Қорғаны – 2026» оқу-жаттығулары кезінде әскери қызметшілердің қаза болуы фактісі бойынша жүргізеді.
Тергеу оқу-жауынгерлік міндетті ұйымдастыру және өткізу кезінде шешімдер қабылдау мән-жайларын, қауіпсіздік талаптарының сақталуын, гидрометеорологиялық жағдайды есепке алуды, катердің техникалық жай-күйін және оқу-жаттығуларды өткізу мен жеке құрамның қауіпсіздігіне жауапты лауазымды тұлғалардың әрекеттерін зерделейді.
Бірінші кезектегі тергеу іс-шараларының қорытындысы бойынша бұған дейін ҚР ҚК 453-бабының 2-бөлігі («Қызметке немқұрайлы қарау, ауыр зардаптарға әкеп соққан») және ҚР ҚК 465-бабы («Кеме жүргізу ережелерін бұзу») бойынша қылмыстық істер қозғалды.
ҮКІМЕТТІК КОМИССИЯ НЕ МӘЛІМДЕДІ
Үкіметтік комиссияның өкілі, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ербол Ізбергенов тергеу болған оқиғаның барлық мән-жайларын анықтап жатқанын хабарлады.
Оның айтуынша, әрбір факт тексеріліп, барлық қатысы бар тұлғалардың әрекеттеріне құқықтық баға беріледі. Ол сондай-ақ кінәсі тергеу және сот арқылы заңға сәйкес анықталатын тұлғалар үшін жауапкершілік туындайтынын мәлімдеді.
Тергеу нәтижелері мен ресми ақпарат та жұртшылыққа жеткізілетін болады.
КОНТЕКСТ
Еске салайық, 24 қыркүйекте Қарулы Күштердің Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығулары кезінде Маңғыстау облысындағы Каспий теңізінің жағалауында ауа райының күрт нашарлауы мен желдің күшеюінен кейін әскери қызметшілерді теңізге алып кетті.
25 қыркүйекте таңертең жоғалған екі әскери қызметшінің денесі табылды. Осыдан кейін Каспий теңізінің акваториясындағы іздестіру-құтқару операциясы аяқталды.
Премьер-министр Олжас Бектеновтің өкімімен қаза болу себептерін тергеу жөніндегі комиссия құрылды.
Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері Каспий теңізінің жағалауында қаза болған әскери қызметшілердің отбасыларына көмек көрсетуге 815 млн теңге жіберуге ниетті.
Фонд-бюро расследования коррупции