2026 жылдың басынан бастап Қазақстанда мас күйінде көлік жүргізгені және қарсы жолаққа шыққаны үшін 21,5 мың адам жүргізуші куәлігінен айырылды. Сонымен қатар, жол бақылауы камералар, мобильді кешендер және көлікті тоқтатпай-ақ құқық бұзушылықтарды тіркейтін 300-ге жуық дрон есебінен кеңейтілді.
ҚАНША ЖҮРГІЗУШІ КУӘЛІГІНЕН АЙЫРЫЛДЫ
Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха 2026 жылдың басынан бастап мас күйінде көлік жүргізгені және қарсы жолаққа шыққаны үшін 21,5 мың адам жүргізуші куәлігінен айырылғанын хабарлады. Олардың ішінде 17 мыңнан астам адам нақты алкогольдік масаң күйде көлік жүргізгені үшін жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар, түрлі әкімшілік құқық бұзушылықтар, оның ішінде мас күйінде көлік жүргізу және жалған нөмірлерді пайдалану үшін 18,3 мыңнан астам азамат әкімшілік қамауға алынды.
ЖОЛДАҒЫ ЖАҒДАЙ ҚАЛАЙ БАҚЫЛАНАДЫ
Қазақстанның трассаларында құқық бұзушылықтарды тіркеу үшін камералар, мобильді кешендер және ұшқышсыз ұшу аппараттары пайдаланылады. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ жол жағдайын мониторингілеу камераларын шамамен бір шақырым аралықпен орнатады.
Сонымен қатар, жолдарда автомобильді тоқтатпай-ақ жылдамдықты асыруды және ЖҚЕ-нің басқа да бұзушылықтарын тіркейтін 500-ге жуық мобильді кешен жұмыс істейді. Қауіпті маневрлерді, оның ішінде қарсы жолаққа шығуды және кесіп өтуді анықтау үшін 300-ге жуық дрон қолданылады.
ІІМ деректері бойынша, қазіргі уақытта ЖҚЕ-нің әкімшілік бұзушылықтарының 67%-ы техникалық құралдармен тіркеледі. Кейбір өңірлерде бұл көрсеткіш 70%-дан асады. Ведомство осындай жүйелерді пайдалану кезінде негізгі басымдық құқық бұзушылықтардың алдын алуға берілетінін атап өтті.
ШЕРИНГ КОМПАНИЯЛАРЫ НЕ ҮШІН ЖАУАПКЕРШІЛІККЕ ТАРТЫЛАДЫ
Электронды самокаттарды пайдалану да бақылауға алынды. Тиісті емес жерлерде қалдырылған самокаттар абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін эвакуацияланады. Айыппұл тұрақтарында 9,5 мыңға жуық самокат тұр, ал 5 мың иесі жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар, шеринг компаниялары да жауапкершілікке тартыла бастады. Олар самокаттардың есебін жүргізуге және оларды тіркеу нөмірлері арқылы сәйкестендіруді қамтамасыз етуге міндетті. Бұзушылықтар үшін 11 әкімшілік хаттама жасалды.
АВТОМЕКТЕП АШУ ТӘРТІБІ ҚАЛАЙ ӨЗГЕРЕДІ
Жүргізушілерді даярлау сапасын арттыру үшін ІІМ автмектептерді ашуға рұқсат беру тәртібіне көшуді жоспарлап отыр. Рұқсат беру кезінде оқытушылардың белгіленген талаптарға сәйкестігі, оқу базасының және автокөліктің болуы тексеріледі.
Осы жұмыс аясында автомектеп тыңдаушыларын есепке алудың автоматтандырылған жүйесі енгізілді, өз бетінше даярлану жойылды және курстарды бітіргені туралы қағаз куәліктер алынып тасталды.
КОНТЕКСТ
Бұған дейін Игорь Лепёха мысырлық блогермен тараған бейнежазбадан кейін туристік полицияның екі қызметкерінің жұмыстан шығарылуы қызметтік әдепті бұзуға байланысты екенін түсіндірді. Оның айтуынша, тәртіптік комиссия олардың мінез-құлқын қызмет басында және нысан киіп жүрген қызметкерлер үшін жол берілмейтін деп санаған.
Фонд-бюро расследования коррупции