Әзірбайжан Президенті Ильхам Алиев Ақтау маңындағы AZAL ұшағының апатына қатысты пікір білдірді.
ORDA Azertag-қа сілтеме жасап хабарлағандай, ол ұшақ апатының нақты себептері қара жәшіктердің шифры шешілгеннен кейін белгілі болатынын атап өтті.
«Бірақ бастапқы нұсқалар да жеткілікті негізделген және фактілерге сүйенеді. Ал фактілер мынадай: әзірбайжандық азаматтық ұшақ Ресей аумағында, Грозный қаласының маңында сырттан зақымданды және іс жүзінде басқарудан айырылды. Сондай-ақ біздің ұшағымыздың радиоэлектрондық күрес құралдары арқылы басқарылмайтын күйге келтірілгенін білеміз. Бұл ұшаққа келтірілген бірінші зақым», - делінген хабарламада.
Сонымен қатар ол ресейлік мамандардың нұсқасына пікір білдірді.
«Бізді ренжіткен және таң қалдырған сәттердің бірі - ресейлік ресми құрылымдардың қандай да бір газ баллонының жарылуы туралы нұсқаларды алға тартуы болды. Яғни, бұл ресей тарапының мәселені жасырғысы келетінін ашық көрсетті және бұл, әрине, ешкімге абырой әпермейді», - деді Әзірбайжан Президенті.
Алиев Ресейден «кінәсін мойындауды, кінәлілерді жазалауды және өтемақы төлеуді» күтетінін атап өтті.
«Өз кінәсін мойындау, достық ел саналатын Әзірбайжанға уақытылы кешірім сұрау және бұл туралы жұртшылыққа жеткізу - мұның бәрі қабылдануы тиіс шаралар мен қадамдар еді. Өкінішке орай, алғашқы үш күнде біз Ресейден ақымақ нұсқалардан басқа ештеңе естімедік», - деді Ильхам Алиев.
Айта кетейік, ұшақ апатынан үш күн өткен соң Алиевтің Ресей Президентімен әңгімесі болып, онда Владимир Путин ұшақпен «оқиға» Ресейдің әуе кеңістігінде болғаны үшін кешірім сұрады.
Еске салайық, 25 желтоқсанда Ақтау әуежайынан үш шақырым жерде Бакуден Грозныйға бет алған Әзірбайжан әуекомпаниясының AZAL ұшағы апатқа ұшырады. Бортта 5 экипаж мүшесін қоса алғанда, 67 адам болды.
Көлік министрі Марат Қарабаев мәлімдегендей, оқиға салдарынан 38 жолаушы қаза тауып, үш баланы қоса алғанда 29 адам ауруханаға жатқызылды.
Фонд-бюро расследования коррупции