Skip to main content

Жалған полицейлер алматылықтан 12 млн теңге ұрлап кетті

Submitted by Вера Александрова on

Алматыда құқық қорғау органдарының қызметкерлері болып көрініп, алаяқтық жасады деген күдікке ілінген бір топ адам ұсталды.

Қалалық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қылмыскерлер өздерін полицейлер ретінде таныстырып, қылмыстық қудалау қаупімен алматылық тұрғынның ақшасы мен автокөлігін иемденіп алған. 

Келтірілген залал сомасы 12 млн теңгеден асқан. Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.

«Алматы және Алматы облысы полиция бөлімшелерімен бірлесіп жүргізілген мақсатты жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде алты адам ұсталды», - делінген хабарламада.

Тінту кезінде күдіктілерден жалған қызметтік куәліктер, іс жүргізу құжаттарының бланкілері, нысанды киім элементтері, оқ-дәрілер, мөрлер, суық қару, сондай-ақ әртүрлі елдердің мемлекеттік нөмірлік белгілері алынды.

Барлық күдіктілер уақытша ұстау изоляторына жабылды. Тергеу жалғасуда.

«Осындай қылмыстармен күрес - біздің жұмысымыздың басым бағыты. Біз жәбірленушінің арызына жедел ден қойып, мақсатты іс-шаралар ұйымдастырып, күдіктілерді ұстауға қол жеткіздік», - деп қорытындылады Алматы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Мұрат Жұмабаев.

Еске сала кетейік, биылғы жылдың наурыз айында Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ 2023 жылы жалған полицейлер мен жалған банкирлердің қазақстандықтардан ұрлаған ақша сомасы мен олардың атына ресімделген несиелер көлемі 21 млрд теңгені құрағанын хабарлады.

Сәуір айында Ақтөбе тұрғыны алаяқтардың қоңырауынан кейін өзіне 7 млн теңге көлемінде несие рәсімдеп алғаны белгілі болды. Оған өздерін ҰҚК және Ұлттық банк қызметкерлері ретінде таныстырған белгісіз адамдар қоңырау шалған.

Желтоқсан айында Маңғыстау облысында ірі интернет-алаяқтық жасады деген күдікке ілінген қылмыстық топ ұсталды. Қылмыскерлердің ҚР ҰҚК және Ұлттық банкі қызметкерлері болып көрініп, қазақстандықтардан 133 млн теңге ұрлағаны хабарланды.