Шымкент тұрғындары «Водные ресурсы-Маркетинг» ЖШС мүлкін мемлекеттік меншікке қайтару туралы петицияға қол жинап, оны қалалық әкімдікке жолдады. Бұл компания қала тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз етеді және кәріз жүйелеріне қызмет көрсетеді.
Bes.media мәліметінше, онлайн және офлайн форматта талқыланған бастамаға шамамен 30 мың адам қол қойған.
«Тұрғындардың көпшілігі петиция авторын және су каналын қайтаруды қолдайды. Негізгі дәлелдердің бірі – мұндай стратегиялық маңызды нысанның жеке қолда болуы мемлекетті бір адамның алдында осал етеді. Әкімдік петицияның дәлелдерімен келісті, дегенмен, бұл мәселе мемлекеттік органның құзыретіне кірмегендіктен, соңғы сөз – сотта», – деді қала әкімі Ғабит Сыздықбеков.
Белгілі болғандай, қазан айында қалалық мәслихат депутаттары тарифтердің өсуіне алаңдаушылық білдіріп, су каналын мемлекеттік меншікке қайтару мәселесін көтерген болатын. Сонда олар су бағасының өсуі мен су тазарту жүйесінің жеткіліксіз дамуы халық арасында наразылық тудыратынын атап өтті.
Өз кезегінде ЖШС директоры Анарбек Орманов тағылған айыптаулармен келіспеді, алайда су каналын мемлекеттік басқаруға беруге қарсы емес екенін мәлімдеді.
«Егер олар басқаруды алуды шешсе, менің қарсылығым жоқ. Бірақ, біздің Еуропа Қайта Құру және Даму Банкі алдында 12 млрд теңге көлемінде қарызымыз бар екенін ескеру қажет. Мүлкіміздің 54% -ы кепілде тұр», – деді компания директоры.
Еске салайық, өткен жылдың желтоқсанында Шымкент әкімі сотталған олигарх Тоқтар Түлешовке тиесілі «Фосфорник» мәдениет сарайы ғимараты қала балансына қабылданып, қалпына келтірілетінін хабарлаған болатын.
Маусым айында Шымкент Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаментінің басшысы Дәурен Ерғарин қалада «Мұз сарайын» мемлекеттің бақылауына қайтаруды жоспарлап отырғанын жазған.
Шілдеде Шымкент прокуратурасы жарты жыл ішінде мемлекетке 5,9 млрд теңгеге мүлік пен акцияларды қайтарғаны белгілі болды.
Фонд-бюро расследования коррупции