Арқалықта 61 жастағы Тасболат Сақұповтың операция кезінде қайтыс болуы тергелуде. Операцияны Қостанай облыстық ауруханасының нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі Евгений Ковалев жүргізген. Туыстарының айтуынша, хирург масаң күйде болған.
«Қостанай Жаңалықтары» басылымының мәліметінше, марқұмның қызы Әсел Оспанова операциядан кейін дәрігер науқастың қайтыс болғаны туралы туыстарына хабарламай, ауруханадан кетуге тырысқанын айтқан. Отбасы қайғылы жағдайды Сақұповтың ұлы операция бөлмесіне өзі кіріп, әкесінің денесін жаймамен жабылған күйде көргенде білген.
Туыстары Ковалевті аурухана аумағында тоқтатып, полицияны шақырған. Әсел Оспанованың айтуынша, медициналық сараптама хирургтің мас болғанын көрсеткен.
Облыстық жедел жәрдем станциясының өкілдері брифингте жағдайға түсініктеме берді. Журналистер алдында станцияның бас дәрігер міндетін атқарушы Олег Мелешенко және медицина қызметкерлері кәсіподағының жергілікті филиалының төрағасы Татьяна Булгацевич сөз сөйледі. Денсаулық сақтау басқармасы мен облыстық аурухана басшылары кездесуге қатыспаған.
«Дәрігер Арқалық ауруханасына санавиация желісі бойынша реанимобильмен жеткізіліп, операцияны сол жерде жасады», — деді Мелешенко.
Медиктер науқасты Қостанайға тасымалдау оның денсаулық жағдайына байланысты қауіпті болғанын айтады. Сақұповқа бассүйек ішілік гематома диагнозы қойылған. Әсел Оспанованың айтуынша, оның әкесі операциядан бірнеше күн бұрын бас ауруына шағымданған және диагноз қойылғаннан кейін Қостанайға операцияға баруға дайын болған.
Өз кезегінде БАҚ Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназароваға сілтеме жасап, науқастың өліміне байланысты тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлайды.
«Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің департаменті оқиға орнында жұмыс істеп жатыр. Облыстық ішкі істер департаментінде тиісті іс қозғалды. Тексеру қорытындысы бойынша тиісті түсініктеме береміз. Өз тарапымыздан мамандарды бөлдік», — деді Әлназарова.
Фонд-бюро расследования коррупции