Зейнеткер полиция подполковнигі Сержан Аршабековтың хабарлауынша, Қазақстанда мемлекеттік қызметшілерді әртүрлі қайырымдылық мақсаттарға бір күндік жалақысын аударуға жасырын мәжбүрлеу тәжірибесі әлі де бар.
«Мен жұмыс істеп жүрген кезімде, ІІМ-де ғана емес, басқа да мемлекеттік құрылымдарда мұндай тәжірибе болды. Уақыт өте келе біз құқық қорғау органдарының ардагерлеріне немесе қызмет барысында қаза тапқан қызметкерден кейін ақша аударып тұрдық. Басында бәрі осылай болды, бірақ кейін басқа себептермен де қаражат жинау басталды. Мысалы, Арыстағы апат немесе Қарағандыдағы шахтадағы жарылыс кезінде – кімнің бастамасымен екені белгісіз, бұйрықсыз және хаттамасыз ауызша түрде бір күндік жалақыны аудару «бастамасы» пайда болды. Дәлірек айтсақ, «жоғарыдан» бұйрық. Сонда маған көптеген полиция қызметкерлері алым-салыққа шағымданып жазды», - деп хабарлады Сержан Аршабеков Ratel.kz тілшілеріне.
Оның айтуынша, мұндай қаражат жинау ресми бұйрықтарсыз және қызметкерлердің жазбаша келісімінсіз жиі жүргізіледі.
«Механикасы мынадай – жекелеген мемлекеттік органның немесе полиция бөлімінің кадр қызметінің қызметкері жалпы жиналыста сол немесе басқа жағдайға байланысты қаражат жинау бастамасы пайда болғанын хабарлайды. Әрине, ешкім бас тарта алмайды. Сонымен қатар, бастаманың авторы кім екені көрсетілмейді, қызметкерлердің ақшасын беруі тиіс жазбаша бұйрық жарияланбайды. Одан кейін бухгалтерия қызметкердің жазбаша өтінішінсіз келесі жалақыдан бір күндік табысты алып, аударып жібереді. Ал ҚР Салық кодексі мұндай шегерімдерге қызметкердің рұқсатынсыз тыйым салады», - деді бұрынғы полиция қызметкері.
Бұрынғы полицейдің есебі бойынша, Қазақстанның ішкі істер органдары қызметкерлерінің өзінен ғана 5 мың теңге бір күндік жалақымен бір жиналымнан шамамен 685 млн теңге жинауға болады.
«Тағы мемлекеттік қызметшілер бар. Ең сорақысы, бұл ақшаның қайда кететінін, өз мақсатына жетіп жетпейтінін ешкім бақыламайды. Біздің мемлекет қайырымдылыққа араласпайды. Менің ойымша, бұл әрекетті қайырымдылық деп атау қиын, өйткені қайырымдылық актісі – бұл әрбір жеке адамның ерікті актісі, мәжбүрлі емес», - деп мәлімдеді Сержан Аршабеков.
Бұрынғы полицей жиналған ақшаның нақты қайда кететінін және алым-салықтың бастамашысы кім екенін анықтау үшін әртүрлі мемлекеттік органдарға бірнеше рет жүгінген. Өз кезегінде қорғаныс министрлігі оған төтенше жағдай кезіндегі шығын мемлекет есебінен өтелетінін хабарлаған.
«Арыс қаласында қаза тапқан әскери қызметшілерге жерлеуге өтемақы төлемдері, біржолғы өтемақы, тұрғын үй сатып алуға біржолғы тұрғын үй төлемі төленді, жарақат алған әскери қызметшілерге біржолғы өтемақы төленді. Арыстағы жарылыстардан зардап шеккендерге, Абай облысындағы өрттен және Қарағанды облысындағы шахтадағы апаттан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін бір күндік жалақы аударылмады», - делінген министрліктің жауабында.
Еске сала кетейік, қараша айында ҚМА еріктілер қозғалысының белсендісі және «BizBirgemiz Qazaqstan» қоғамдық қайырымдылық қорының құрылтайшысы Перизат Қайратқа қатысты тергеу жүргізіп жатқаны хабарланған болатын. Ол көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмектесу және Палестина тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсету үшін жиналған 1,7 млрд теңге қаражатты жымқырды деген күдікке ілінген.
Желтоқсан айының ортасында сот қайырымдылық қорының құрылтайшысының элиталық жылжымайтын мүлкін, көліктерін, техникасын, киімдерін, аяқ киімдерін, зергерлік бұйымдарын, сондай-ақ әлемдік брендтердің сөмкелерін тәркілеген болатын.
Фонд-бюро расследования коррупции