Үкіметтің баспасөз қызметінің мәліметінше, Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) саммитіне қатысу үшін 3 шілдеде түстен кейін Қазақстан астанасына Пәкістан Премьер-министрі Шахбаз Шариф келді.
«Қазақстан мен Пәкістан ұйымдар аясында өзара іс-қимылды, сондай-ақ екіжақты сауда-экономикалық, көлік-логистикалық және гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуда. IT-индустрия және қаржы саласы да перспективалы бағыттар болып табылады», - делінген хабарламада.
Кейін Астана әуежайына Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон қонды. Белгілі болғандай, соңғы 5 жылда Қазақстанның Тәжікстанмен тауар айналымы 48,2%-ға өсіп, $1,1 млрд құрады.
Сонымен қатар ШЫҰ саммитіне қатысу үшін Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев келді. Өзбекстан Қазақстанның ірі сауда серіктестерінің бірі екені хабарланады. Өткен жылы екі ел арасындағы тауар айналымының көлемі шамамен $4,5 млрд құрады.
Ағымдағы жылдың 4 айында өзара сауда $1,2 млрd жетті. Өзбекстанға біздің республиканың Орталық Азиядағы жалпы тауар айналымының шамамен 57%-ы тиесілі екені атап өтіледі.
Сондай-ақ Қазақстан астанасына Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров келді. 2019-2023 жылдар аралығында елдеріміз арасындағы тауар айналымы 67,3%-ға өсіп, $1,5 млрd жетті.
Бұл ретте Астанаға Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанның борты қонды. Түркия көшбасшысы ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына қатысады.
Түркия – ұйымның серіктес елі екені хабарланады. Ол Қазақстанның ең ірі бес сауда серіктесі және үздік жиырма инвестор елінің қатарына кіреді. Ағымдағы жылдың 4 айында ғана елдеріміз арасындағы өзара сауда көлемі $1,6 млрd жетті.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұрын келген жоғары лауазымды қонақтармен іс-шараларға қатысқандықтан, саммитке жаңадан келген қатысушыларды әуежайда Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов қарсы алды.
Еске салайық, ШЫҰ 2001 жылы алты мемлекет – Қазақстан, Қытай, Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан құрған. Кейін бірлестікке Иран, Үндістан және Пәкістан қосылды. Сондай-ақ Астанадағы саммитте Беларусь ШЫҰ-ға мүше болады деп күтілуде.
Фонд-бюро расследования коррупции