Республикалық тамыз конференциясында педагогтарға елдегі алғашқы бала құқығын қорғау басқармасының Ақтөбе облысында құрылғаны туралы айтылды. Жоба бала құқықтары жөніндегі уәкілмен бірлесіп жүзеге асырылады және елдің барлық өңірлерінде кезең-кезеңімен енгізіледі.
Оқу-ағарту министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, басқарманы құру қамқорлық және қорғаншылық органдарының жұмысын күшейтуге бағытталған.
«Жаңа басқармалар балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғауда негізгі буынға айналады. Олардың міндеті — өтініштерге жедел ден қою, отбасыларға көмектесу және өңірдегі баланың әл-ауқатына жауапты барлық қызметтердің жұмысын жолға қою», - делінген хабарламада.
Басқармаға аудандардағы, облыстық және республикалық маңызы бар қалалардағы, сондай-ақ астанадағы бала құқығын қорғау бөлімдерінің бағынатыны атап өтілді.
«Біз әрбір бала сенімді қорғауда болатын жүйені құрамыз. Бұл мәселелерді жедел шешуге және жергілікті жерлерде балаларға көмектесуге мүмкіндік береді», — деп атап өтті ҚР Оқу-ағарту министрлігі Бала құқығын қорғау комитетінің төрайымы Насымжан Оспанова.
Сонымен қатар Оқу-ағарту министрлігі 5 мың балаға қамқорлық органының бір маманы нормасын бекітті. Нәтижесінде жыл басынан бері мамандар саны 303 адамнан 896 адамға өсті. Олар үшін оқыту жүргізіліп, бірыңғай жұмыс стандарттары енгізілуде.
Басқарма құру мектепке дейінгі мекемелердегі балалармен болған соңғы резонанстық оқиғалар аясында ерекше өзекті. Еске сала кетейік, сәуір айында Ұлытау облысында баланы басынан және ернінен ұрған, содан кейін бала акварель бояуын аузына салғаны үшін итеріп жіберген тәрбиеші сотталды. Сот түзеу жұмыстарын тағайындап, баланың анасына материалдық өтемақы төлеуді міндеттеді.
Ақпан айында Атырау облысында жеке балабақшаның тәрбиешісі сабақ кезінде 5 жастағы баланы ұрғаны үшін айыппұл салынды. Кейін тәрбиеленушінің оң жамбас аймағында гематома табылды. Сот оны кінәлі деп танып, 314 мың теңге айыппұл салды.
Маусым айында Астанадағы №21 «Гүлдер» балабақшасының тәрбиеленушілерінің ата-аналары күтуші тарапынан күш қолдану туралы хабарлады. Жарты жыл бойы балалар жүйелі түрде ұрып-соғуға ұшыраған.
Туыстары тәрбиеші, меңгеруші мен әдіскер болып жатқан жайтты білген, бірақ ешқандай шара қолданбаған деп мәлімдейді. Балабақшаның ішкі камераларының бейнедәлелдері әлеуметтік желілерге тарады. Кадрларда форма киген әйелдің балалардың басы мен денесіне ұрып, еденге лақтырғаны көрінеді.
Тамыз айының басында Атырауда бес жасар қыз зардап шеккен жеке «Ансар» балабақшасындағы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғала бастады. Бала жабық бас-ми жарақаты, ми шайқалуы және екі қолының сынуымен ауруханаға жатқызылды.
Қыздың анасына балабақшадан қоңырау шалып, қызының жағдайы нашарлағанын хабарлады. Мекеме өкілдері мұны баспалдақтан құлаумен түсіндірді. Алайда ата-аналар бейнебақылау жазбаларын сұрағанда, камералар сол кезде жұмыс істемегенін айтты.
Фонд-бюро расследования коррупции