Бруцеллезбен ауыратын 18 бас ірі қара мал Қарағанды облысының ауылдарында анықталды.
informburo.kz мәліметіне сәйкес, ауру малдар келесі елді мекендерде анықталды:
- Абай ауданы, Құрма ауылдық округі;
- Қарқаралы ауданы, М. Мамыраев ауылдық округі, Темірші ауылдық округі;
- Нұра ауданы, Тассуат ауылдық округі;
- Шет ауданы, Көктенкөл, Нұраталды, Шет, Босаға ауылдық округтері;
- Осакаров ауданы, Батпақ ауылдық округі.
Өз кезегінде Қарағанды облыстық аумақтық инспекциясы – ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің басшысы Ержан Бекетбаев жұқтырған еттің тұтынушыларға жетпейтініне сендірді.
Естеріңізге сала кетейік, 2018 жылғы мамырда Батыс Қазақстан облысының тұрғындарын бруцеллезбен ауыратын малдарды ет комбинатына тапсыруға мәжбүрлегені хабарланған болатын. Бұл ретте мал тапсырған ауыл тұрғындары жергілікті базарлардың бірінде таңбалары бойынша өздерінің бруцеллезбен ауыратын сиырларын танып алған. Ауыл шаруашылығы министрлігі онда Қазақстанда сиырларды бруцеллезге қарсы толық вакцинациялау жүргізілмейтінін, ал ауру малдың еті қауіпті емес екенін мәлімдеген.
Сондай-ақ бұған дейін Қарағанды облысы Бұқар Жырау ауданының Төрткөл ауылында жаппай жылқы қырылуы тіркелген. Жергілікті тұрғындардың ойынша, жылқыларды эпизоотиялық лимфангит немесе басқаша айтқанда – африкалық сап дерті жайлаған. Олардың айтуынша, жануарлар аяқтан басталып, кейін бүкіл денеге таралатын іріңді жаралардан қиналып өледі.
Айта кетейік, 2015 жылғы наурызда сол кездегі Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева алдағы 7 жыл ішінде мемлекет мал шаруашылығын дамытуға 2,5 млрд еуро бөлуді жоспарлап отырғанын жариялаған болатын. Исаеваның сол кезде атап өткеніндей, осы соманың 2 млрд еуросы ветеринариялық және фитосанитариялық қауіпсіздікті нығайтуға жұмсалады.
Фонд-бюро расследования коррупции