Ақтөбеде тұрғын үйлерді сапасыз салу бойынша қылмыстық іс сотқа жолданды.
«Ақтөбе облысы прокуратурасы ҚК-нің 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы, 278-бабы 2-бөлігі және 280-бабы 1-бөлігі бойынша (алаяқтық, сапасыз құрылыс, сондай-ақ сараптамалық жұмыстарды немесе инжинирингтік қызметтерді тиісінше орындамау) сотқа дейінгі тергеуді аяқтады», - деп хабарлады Ақтөбе облысы прокуратурасының баспасөз қызметі.
Белгілі болғандай, 2018 жылы «Ақтөбе қаласының Құрылыс бөлімі» ММ және «Машат» ЖШС шамамен 337 млн теңге сомасына екі 24 пәтерлі тұрғын үй салу туралы шарт жасасқан. Кейіннен құрылыс мердігерлік ұйымға «Агро-Сервис» ЖШС берілген.
Нәтижесінде тұрғын үйлер 2019 жылдың қазан айында пайдалануға берілді, алайда көп ұзамай үйлердің іргетасында жарықтар пайда болды.
Сарапшылар үйлердің авариялық жағдайда екенін, пайдалануға жарамсыз екенін және бұзуға ұсынылатынын, ал бетон блоктарының техникалық сипаттамалары МЕМСТ талаптарына сәйкес келмейтінін қорытындылады.
«Барлық жиналған дәлелдемелердің жиынтығында күдікті тұлғаларға қатысты «үй қамағы», сондай-ақ «кепіл» түріндегі бұлтартпау шаралары таңдалды. Қазіргі уақытта облыс прокуратурасы төрт күдіктіге қатысты қылмыстық істі мәні бойынша қарау үшін Ақтөбе қаласының №2 сотына жолдады», - делінген хабарламада.
Фонд-бюро расследования коррупции