Солтүстік Қазақстан облысы бойынша «Аграрлық несие корпорациясы» (АНК) филиалының бұрынғы басшысы Алмат Қожахметовке үкім шығарылды.
Ratel.kz деректері бойынша, Алмат Қожахметов «Астық» шаруа қожалығын (ШҚ) қаржыландыру үшін «ЖТ «Жамбыл Агро Инвест» ЖШС-не 74 280 000 теңге сомасында несие беруге ықпал еткен. Ол үшін ШҚ директоры Жақыповтан 100 мың теңге көлемінде пара алған.
Кейінірек ол «Евротрейд Қазақстан» ЖШС-не 150 млн теңге несие алуға көмектескен. Осыдан кейін өз жұмыс кабинетінде отырып, Қожахметов компания директоры Панкратовтан пара ретінде 500 мың теңге алған.
Өткен жылдың қыркүйегінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қожахметовті пара алу күдігімен ұстаған. Өз кезегінде филиалдың бұрынғы басшысы кінәсін мойындамаған.
«Несие алу, мақұлдау және несие қаражатын беру ішкі нормативтік құжаттарға сәйкес жүргізілді», - деді сотталушы.
Айта кетейік, пара берушілер іс бойынша тек куәгер ретінде өткен. Олар қылмыстық жауапкершіліктен босатылған.
«2023 жылғы 25 қыркүйекте Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ғимаратында Қожахметовті кездестірдім, ол менің не үшін осында екенімді сұрады. Оған ақша беру мән-жайлары бойынша куәгер ретінде шақырылғанымды айттым. Қожахметов бұл ақшаны қайтарғанын айтуды өтінді. Осымен әңгіме аяқталды. Кейін ауылға бейтаныс жігіт келіп, Қожахметовтен деп 100 мың теңгесі бар орама әкелді. Адвокатпен байланысып, оның кеңесі бойынша бұл ақшаны Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке тапсырдым», - деді Жақыпов.
Өз кезегінде «Евротрейд Қазақстан» ЖШС директоры Панкратов несие алғаннан кейін бір ай өткен соң алғыс ретінде Қожахметовтің кабинетінде жарты миллион теңге қалдырғанын айтты.
«Сотпен зерттелген дәлелдемелердің жиынтығы сотталушы Қожахметовтің белсенді әрекеттер жасағанын, нәтижесінде куәгерлер Жақыпов, Панкратов несие қарыздарын беруде жәрдем көрсету және оң шешім қабылдау үшін пара беруге мәжбүр болған жағдайға қойылғанын көрсетеді. Сотталушы өз әрекеттерін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет тарапынан арандату және қудалау ретінде көрсетуге тырысады», - делінген сот шешімінде.
Судья куәгерлерден ақша алу кезінде сотталушының жеке мүддесін көздеп, өзімшілдік ниетпен әрекет еткенін көрсетті. Сот сондай-ақ қорғаушының «ешқандай шартсыз алғыс қабылдау қылмыс құрамын құрамайды» деген тұжырымын негізсіз деп санады.
«Қылмыстық қудалау органы тарапынан сотталушыға қатысты арандату және қудалау болғаны туралы қорғаушылардың өтінішхаттарын сот қабылдамайды, өйткені Қожахметов пара алудан бас тарта алатын еді, бірақ ақша қаражатын қабылдады», - деп көрсетті судья.
Нәтижесінде сот Қожахметовті кінәлі деп танып, оған орташа қауіпсіздіктегі ҚБМ мекемесінде 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасын, мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыру түріндегі қосымша жаза тағайындады.
Еске салайық, бұған дейін «Аграрлық-несие корпорациясы» АҚ (АНК) филиалына шаруа қожалықтарының (ШҚ) бірінің басшысы несие алуға өтініш білдірген. Осыдан кейін қарыз алушыға 90 млн теңге сомасында несие қаражаты мақұлданған.
Осыдан кейін корпорацияның Ақтөбе филиалы директорының орынбасары ШҚ басшысын Ресейден мал сатып алу және жеткізу үшін ЖШС-мен шарт жасасу қажеттігі туралы адастырған.
ШҚ ЖШС шотына 90 млн теңге аударған. Алайда кейінірек бұл ақша қаражатын филиал директорының орынбасары жеке мақсаттарына пайдаланғаны анықталған. Нәтижесінде ол 5 жыл бас бостандығынан айыруға сотталды.
Фонд-бюро расследования коррупции