В Шымкентте қызметтік тергеу қорытындысы бойынша Қаратау ауданының әкімі Алмас Абаев тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Негіз ретінде әлеуметтік желілерде тараған видео алынды.
ТЕРГЕУ ҚАЛАЙ БАСТАЛДЫ
«Қазинформ» ХАА деректері бойынша, шенеунікке қатысты тексеру бейнежазба жарияланғаннан кейін басталды. Кадрларда Алмас Абаевқа ұқсас ер адам футбол алаңында басқа бір адамға соққы жасайды.
Бұған дейін Шымкент әкімдігі видеоның таралу фактісі бойынша қызметтік тексеру басталғанын хабарлаған болатын. Қалалық әкімдікте заңдылық пен қызметтік этика қағидаттарын ұстанатындықтарын атап өтті.
ЭТИКА КОМИССИЯСЫ НЕ ШЕШТІ
Әкімге қатысты тәртіптік іс қозғалып, қызметтік тергеу жүргізілді. Материалдар Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің (МҚІА) этика комиссиясының қарауына жіберілді.
«Этика комиссиясы Абаевтың іс-әрекеттерінде қызметтік этика нормаларының бұзылуы бар деген қорытындыға келді. Шымкент әкіміне толық емес қызметтік сәйкестік туралы ескерту түріндегі тәртіптік жаза қолдануды ұсыну туралы шешім қабылданды», — деп хабарлады агенттікте.
ҚАНДАЙ ЖАЗА ҚОЛДАНЫЛДЫ
Қала әкімінің 2026 жылғы 6 сәуірдегі өкімімен Алмас Абаев ұсынымға сәйкес тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Шымкент әкімдігі аппаратында шешімнің іске асырылғанын хабарлады.
Сондай-ақ қаланың мемлекеттік органдарына Мемлекеттік қызметшілердің этикалық кодексі нормаларын сақтау және осындай бұзушылықтардың алдын алуды күшейту талабымен хат жолданды. Бұл туралы қалалық МҚІА департаментінің басшысы және Этика кеңесінің төрағасы Қанат Қадырбеков хабарлады.
Фонд-бюро расследования коррупции