Skip to main content

Жетісу облысында сарбаздың қазасына байланысты офицер сотталды

Submitted by Вера Александрова on

Алматы гарнизонының әскери соты Жетісу облысы Сарыөзек кентінде мерзімді әскери қызметші Досымжан Сәлімжанның қазасына байланысты іс бойынша офицер Жанбот Шәкіровке үкім шығарды. Ол «Ауыр зардаптарға әкеп соққан билікті асыра пайдалану» бабы бойынша айыпталды.

«Азаттық радиосының» мәліметінше, мамыр айында Досымжан Сәлімжан бүйрек проблемаларына шағымданып ауруханаға жатқызылған. Он күннен кейін ол қайтыс болды. Сот-медициналық сараптама сарбазда «қолқа аневризмасының жарылуы» болғанын көрсетті.

Айыптау қорытындысында Сәлімжанды офицер Шәкіров бірнеше рет ұрғаны көрсетілген. Соққылар бүйрек, арқа және бас аймағына түскен.

«2024 жылғы 24 қаңтардан 30 сәуірге дейінгі кезеңде Шәкіров өз өкілеттіктерін жүйелі түрде теріс пайдаланып, Досымжан Сәлімжанның құқықтары мен заңды мүдделерін өрескел бұзған, оның намысы мен қадір-қасиетін таптап, күш қолданған», – делінген қорытындыда.

Ұрып-соғу фактілерін сотта сөйлеген әскерилер растады. Олардың айтуынша, Шәкіров мерзімді әскери қызметшіге қолымен және аяғымен соққылар жасағанын көрген. Өз кезегінде бұрынғы офицер Сәлімжанның қазасына қатысы жоқ екенін мәлімдеді.

Нәтижесінде сот Жанбот Шәкіровті кінәлі деп танып, оны лейтенант шенінен айыра отырып, 7 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды.

Сонымен қатар, Досымжан Сәлімжанның қазасын тергеу кезінде құқық қорғау органдары тағы екі қылмыстық іс қозғағаны хабарланады. Оның ішінде алаяқтық бабы бойынша да іс қозғалған. Белгілі болғандай, әскери қызметшілердің бірі Досымжанның атына 180 мың теңге көлемінде несие ресімдеген деп айыпталуда. Қайтыс болған сарбаздың анасы айыпталушының мойындау көрсетпелерін бергенін айтты.

Екінші іс медицина қызметкерінің өз міндеттерін тиісінше орындамауы бабы бойынша тергеле бастады.

Еске салайық, әскердегі қайғылы оқиғалар жиілеген жағдайда қазақстандықтар міндетті әскери қызметті жою туралы петиция жасады. Авторлардың пікірінше, Қазақстанда мерзімді әскери қызметті жою бейбіт уақытта әскери қызметшілердің қазасына байланысты өзекті болып отыр. Тек қыркүйек айында біз осындай бес оқиға туралы жазған болатынбыз.

7 қыркүйекте Ақтаудағы әскери бөлімде басына оқ тиіп, мерзімді әскери қызметші қаза тапты. 13 қыркүйекте Алматыдағы Құрлық әскерлерінің Әскери институтында сержант өз-өзіне қол жұмсады. 16 қыркүйекте Арыста бір әскери бөлімнің келісімшарт бойынша әскери қызметшісі травматикалық қарудан басынан жарақат алды. 19 қыркүйекте Аягөз гарнизонының бір әскери бөлімінің офицері асылып, өз-өзіне қол жұмсады. 30 қыркүйекте Ақтау гарнизонының бір әскери бөлімінің келісімшартты әскери қызметшісі тұратын пәтерінде өз-өзіне қол жұмсады.

Сонымен қатар, ФБРК редакциясы соңғы жылдары «Отан алдындағы борышын өтеу» барысында қанша адам қаза тапқанын анықтауға тырысты. Біз Қорғаныс министрлігіне ҚР Қарулы Күштеріндегі қайтыс болу саны туралы деректерді ұсынуды сұрап ресми сұрау салдық. Ведомствоның жауабымен сілтеме арқылы танысуға болады.