Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі (ЦДИАӨМ) қазақстандықтардың дербес деректерінің ағып кетуі туралы ақпаратқа түсініктеме берді.
Telegram-арнасының «За нами уже выехали» мәліметінше, мәлімдемеге Мәжіліс депутаты Мұрат Әбеновтің жарияланымы себеп болды. Ол Facebook-тегі парақшасында Telegram-боттардың азаматтар туралы жеке ақпаратты, оның ішінде ЖСН, мекенжайлар, телефон нөмірлері және отбасы мүшелері туралы деректерді «оңды-солды» беретініне наразылық білдірді.
Оның айтуынша, бұл «бақылаусыз цифрландыру» және оны «бизнес пен шетелдік ұйымдардың мүддесі үшін» жүргізіп жатқан «сатылған шенеуніктердің» кесірінен мүмкін болды.
«Мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі барлық деректер ашық қолжетімді, ең алдымен e-gov-дың жүктелген базасы және нақты уақыт режимінде жаңартылып отырады: туған күн, ЖСН, тұрғылықты мекенжай, телефондар. Сол сияқты бірге тұратын барлық отбасы мүшелері туралы. Сондай-ақ қандай пәтерлер сатып алғаны, қандай көліктер жүргізгені», — деп жазды Әбенов.
Өз кезегінде ЦДИАӨМ жағдайға талдау жүргізіп, боттар ескі ағып кетулердегі ақпаратты, сондай-ақ ашық дереккөздер мен GetContact сияқты үшінші тарап сервистерінің деректерін пайдаланатынын анықтадық деп мәлімдеді. Ведомствоның айтуынша, соңғысына Қазақстанда заңнаманы бұзғаны үшін қолжетімділік шектелген.
Министрліктің мәліметінше, Telegram-боттарға сілтемелер тексеру үшін уәкілетті органдарға жіберілді. ЦДИАӨМ өкілдерінің айтуынша, бұған дейін осындай 30-дан астам бот жабылған.
«Азаматтарды мұндай сервистерді пайдаланбауға және жеке деректерді ашық қолжетімділікте таратпауға шақырамыз. Анықталған жағдайда [email protected] электрондық поштасына немесе 8 (7172) 649405 жұмыс телефонына хабарлаңыздар», — деп қорытындылады ведомствода.
Айта кетейік, бұған дейін eGov Mobile мобильді қосымшасында дербес деректердің қауіпсіздігін тексеруге арналған Nomad Guard жаңа сервисі пайда болды.
Еске сала кетейік, өткен жылдың наурыз айында қазақстандықтарға eGov Mobile қосымшасында олардың дербес деректерінің ағып кетуі туралы хабарланған болатын. Ешқашан МҰҰ-да қарыз рәсімдемегендерге де хабарландырулар келді.
Фонд-бюро расследования коррупции