Skip to main content

Жамбыл облысында тау-кен өндіруші компания лицензиясынан айырылып, 7,8 млн теңге өндіріп алынды

Submitted by Вера Александрова on

Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында Жамбыл облысы бойынша жасанды интеллект және инновацияларды дамыту комитетінің жергілікті ЖШС-ке қатысты лицензиядан айыру және лицензиялық алымды өндіріп алу туралы талап арызы бойынша іс қаралды.

Өңір соттарының баспасөз қызметінің мәліметінше, 2023 жылы компанияға 3 жыл мерзімге цифрлық майнинг бойынша қызметті жүзеге асыруға лицензия берілген. Алайда Серіктестік басшылығы лицензияны беру үшін 2 000 АЕК (7,8 млн теңге) мөлшеріндегі алымды төлемеген.

Лицензиялық талаптардың бұзылуына, оның ішінде жауапкерде міндетті жабдық жүйелерінің болмауына байланысты лицензия өткен жылдың қыркүйек айында тоқтатылған. 

«Заңда белгіленген мерзімде бұзушылықтар жойылмады, бұл сотқа жүгінуге негіз болды», - делінген хабарламада.

Жауапкер талап арызды мойындамай, майнинг үшін оған көп мөлшерде электр энергиясын сатып алу қажет болғанын түсіндірді. Осыған байланысты ол электр энергиясымен сауда жасау нарығына қатысу шартын жасасу үшін «К.» АҚ-на жүгінген, бірақ одан келісім алмаған.

«Рұқсаттар мен хабарламалар туралы» Заңның 45-бабына сәйкес, лицензиат лицензияны тоқтатуға негіз болған бұзушылықтарды жою туралы өтініш бермеген жағдайда, рұқсат беруші органдар тоқтату мерзімі аяқталған сәттен бастап 10 жұмыс күні ішінде рұқсаттан айыру (кері қайтарып алу) рәсімін бастайды», - делінген хабарламада.

Сот жауапкер мен АҚ арасында электр энергиясымен сауда жасау нарығына қатысу шарты жасалғанын, алайда кейін лицензияның тоқтатылуына байланысты жауапкер тізімнен алынып тасталғанын анықтады. Осы кезеңде ЖШС бұзушылықтарды жоймағаны атап өтілді.

Нәтижесінде комитеттің талап арызы қанағаттандырылып, компания цифрлық майнинг бойынша лицензиядан айырылды. Сонымен қатар ЖШС-тен мемлекет кірісіне 2000 АЕК мөлшеріндегі лицензиялық алым және 237 мың теңге мөлшеріндегі мемлекеттік баж өндірілді.

Еске салайық, қыркүйек айында Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) тиісті лицензиясыз Астана қаласының аумағында цифрлық активтерді заңсыз өндіру фактісі бойынша қылмыстық істі тергеген

Күдіктілер Астанада қозғалтқыштарды өңдеу орталығының атын жамылып, бір тұрғын ауданының айлық қажеттілігімен салыстырылатын электр энергиясын тұтынатын майнинг фермасының қызметін ұйымдастырған. Екі жыл ішінде өндірілген цифрлық активтердің құны 143 млн теңгеден асқан.