Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) ТМД елдері арасында бірінші болып қазақстандықтардан ұрланған «Eolus» қаржы пирамидасының криптоактивтерін шетелден қайтарып алды, сомасы 250 млн теңге.
Ведомство баспасөз қызметінің мәліметінше, әлемдік тәжірибеде мұндай нәтижеге жекелеген елдер ғана қол жеткізген.
«Агенттік заманауи IT-құралдарды қолдана отырып, 2,5 ай ішінде қазақстандықтардың қаражатын криптовалютада тартқан жоғары технологиялық «Eolus» қаржы пирамидасын жойды», - делінген хабарламада.
Белгілі болғандай, қаржы пирамидасы еліміздің 12 өңірінде 2,5 мыңға жуық салымшыны тартқан. Ұйымдастырушы сотталып, мүлкі тәркіленіп, 6 жыл бас бостандығынан айырылды.
Салымшылардың ізін жасыру және қаражатын шығару үшін қылмыскерлер көптеген транзиттік криптоәмияндарды пайдаланғаны хабарланады.
«Агенттіктің арнайы бөлімшесі блокчейн-аналитиканың заманауи құралдарын қолдана отырып, барлық транзакцияларды қадағалап, қылмыстық кірістер түскен негізгі әмияндарды анықтады», - делінген хабарламада.
Нәтижесінде ҚМА ұрланған қаражатты ведомствоның арнайы шотына аударды. Болашақта олар зардап шеккен азаматтарға келтірілген залалды өтеуге жұмсалады.
Еске сала кетейік, бұған дейін ҚМА-ның Ақмола облысы бойынша департаменті «Eolus» қаржы пирамидасының қызметін тоқтатқан еді. Компания өзін шетелде жел энергиясы генераторлары сияқты жаңартылатын энергия көздерін енгізумен айналысатын ұйым ретінде көрсетіп, үш ай бойы салымшыларды тартқан.
Фонд-бюро расследования коррупции