Skip to main content

Түзету колониясының бастығы күдікті көлікпен мәмілеге қалай түсті

Submitted by Вера Александрова on

2024 жылғы 27 желтоқсанда Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты Toyota RAV4 автокөлігін сатып алу-сату мәмілесін жарамсыз деп тану туралы істі қарады. 

Ratel.kz деректері бойынша, сот талқылауы барысында мәміленің қайшылықты мән-жайлары анықталды.

Еске салайық, 2022 жылғы қыркүйекте Қарағанды облысы Долинка ауылындағы ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің (ҚАЖК) №31 мекемесінің бастығы Ерболат Әбикеев белгілі бір Дидар Құрманғали деген адамнан Toyota RAV4 автокөлігін 7,6 млн теңгеге сатып алды. Екі айдан кейін Әбикеев оны өзінің жұбайы Марал Сатаеваға сатты. 15 қарашада автокөлік Берік Ақмолдинге 8,6 млн теңгеге сатылды, бұл ерлі-зайыптыларға бір миллион теңге пайда әкелді.

Алайда 2023 жылғы 4 қаңтарда автокөліктің VIN-кодының жалған екені белгілі болды, содан кейін полиция қызметкерлері осы факті бойынша қылмыстық іс қозғап, Ақмолдиннің көлігін заттай дәлелдеме ретінде тәркіледі.

2023 жылғы 9 қарашада Қарағанды қаласы Қазыбекби ауданының №2 аудандық соты Сатаева мен Ақмолдин арасындағы сатып алу-сату шартын жарамсыз деп таныды. Сот Сатаева сатып алушыға 8,6 млн теңгені қайтаруы, сондай-ақ сот шығындарын өтеуі керек деп шешті.

2024 жылғы наурызда сот дәл осы автокөлікке қатысты тағы бір істі қарады. Талапкер Марал Сатаева, ал жауапкер оның жұбайы Ерболат Әбикеев болды. Сатаева Әбикеевтен автокөлікті сатып алғанда, көлік құралының VIN-кодының өзгертілгенін білмегенін мәлімдеді. Әбикеев сотта да көліктің құжаттарында проблемалар бар екеніне күмәнданбағанын түсіндірді.

Кейін сот Сатаева мен Әбикеев арасындағы мәмілені жарамсыз деп таныды. Сонымен бірге сот Сатаеваның өз жұбайынан автокөлікті сатып алу кезінде VIN-кодтың бұрмалануы туралы білмегені және біле алмағаны туралы қорытындыға келді.

Белгілі болғандай, енді Ерболат Әбикеев сотқа Дидар Құрманғалиге қарсы талап арызбен жүгініп, 2022 жылғы 3 қыркүйектегі мәмілені жарамсыз деп тануды және жауапкерден 6,9 млн теңге – талап қою кезіндегі автокөліктің нарықтық құнын өндіріп алуды талап етті.

Талапкердің айтуынша, ол Toyota RAV4-ті өзінің жұбайы үшін 7,6 млн теңгеге сатып алған, оның ішінде Әбикеевтің айтуынша, 6,6 млн теңге қолма-қол, ал 1 млн теңге Kaspi.kz қосымшасы арқылы аударылған.

Алайда, сотқа ұсынылған құжаттарға сәйкес, мәміле ресми түрде тек 1 млн теңгеге ресімделген. Жауапкер Құрманғали дәл осы соманы растайтын банк үзіндісі мен чекті ұсынды. Оның айтуынша, ол басқа ақша алмаған.

Талқылау барысында американдық құрастырылған автокөліктің еуропалық VIN-коды болғаны анықталды. Куәгер Жасұлан Жақыповтың көрсетуі бойынша, Құрманғали автокөлік сатушысы бола отырып, сатып алу кезінде бұл фактіні білген.

Сот актісінде хабарланғандай, сот жауапкердің автокөлікті 1 млн теңгеге сату туралы нұсқасына сыни баға берді. «Kolesa Group» компаниясының 2024 жылғы 2 тамыздағы хатына сәйкес, Құрманғали ұқсас автокөліктерді 8,2 млн теңгеден 8,6 млн теңгеге дейінгі бағамен сату туралы хабарландыруларды орналастырған.

Нәтижесінде судья Әбикеевтің талабын толығымен қанағаттандырды. Жауапкерден 7,6 млн теңге, оның ішінде автокөліктің құны, өкіл шығындары және сот шығындары өндірілді.