Skip to main content

Түркістан облысында ІҚМ туралы деректерді 2 есеге жуық асыра көрсеткен

Submitted by Вера Александрова on

Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі мал басы туралы мәліметтерді көтеріп көрсеткен өңірлерді атады. 

«Қазинформ» МИА деректері бойынша, ел бойынша ауылдық әкімдер ауыл шаруашылығы жануарларының басы туралы ақпаратты қайта қарап, 2024 жылғы 1 қаңтардағы Электрондық үй шаруашылығы есебінің нақты деректерін ұсынды.

«2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша, үй шаруашылығының электрондық есебі деректерін жаңарту нәтижесінде ағымдағы статистика деректерімен салыстырғанда мынадай өзгерістер байқалды: ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын есепке алғанда ірі қара мал басы 23%-ға, қой – 14%-ға, ешкі – 20%-ға, шошқа – 34%-ға, үй құсы – 22%-ға қысқарды», — деп хабарлады Агенттік мамандары. 

Ірі қара мал басы ең көп көтеріліп көрсетілген аймақ — Түркістан облысы екені айтылады. Тіркелген 1 021 323 бастың нақты саны небары 735 300 құрайды. 

Алматы және Жамбыл облыстарында қой басы шамадан тыс көтеріліп көрсетілген. Алматы облысында 2 243 131 қойдың орнына 482 402 қой жазылған. Ал Жамбыл облысында 2 755 284 қойдың орнына 3 366 312 қой көрсетілген.

Сонымен қатар, құс басы да шамадан тыс көтерілген. Қайта қарау барысында қағаз жүзінде болған 12 904 748 құстың нақты саны шамамен 8 млн ғана екені белгілі болды.

Мысалы, Қостанай облысында құжаттарда көрсетілген 2 263 764 құстың нақты саны 864 879 ғана. Солтүстік Қазақстан облысында құжаттарда 2 426 790 құс көрсетілген, қайта қарау кезінде небары 808 495 бас құс бар екені анықталды.

Агенттік саладағы нақты көрсеткіштерді алу үшін келесі жылы ауқымды ауыл шаруашылығы санағын жүргізуге уәде берді.

Ведомствоның дерегінше, Қазақстанда алғашқы әрі жалғыз ауыл шаруашылығы санағы 2006-2007 жылдары өткен, ал оны он жыл сайын жүргізу ұсынылады. 

«АҚШ пен Канада сияқты кейбір елдерде санақ бес жыл сайын, ал Германия мен Нидерландыда төрт жыл сайын жүргізіледі. Көршілес елдердің тәжірибесіне тоқталсақ, Ресейде 10 жыл сайын, ал 5 жыл сайын микро-санақ жүргізіледі», — делінген хабарламада.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстан халқына Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан болатын: арнайы комиссия бүкіл ел бойынша нақтыда 2 млн ірі қара және шамамен 3 млн ұсақ мал басының жоқтығын анықтады. Өсімдік шаруашылығында да осындай деректер анықталды. Мемлекет басшысы бұған қатысы барлардың барлығын жауапкершілікке тартуды тапсырды.