Ақмола облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы Қосшы қалалық жағажайын орналастыру үшін 47,6 млн теңге тұратын жер учаскесін заңсыз беру фактісін анықтады.
Өңір прокуратурасы баспасөз қызметінің мәліметінше, 2024 жылғы маусымда Қосшы қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы жергілікті кәсіпкерге Сарқырама өзені бойында орналасқан жағажайды 5 жыл мерзімге сенімгерлік басқаруға берген.
Сонымен қатар, ТҮКШ бөлімінің осы жер учаскесін пайдалануға және оған билік етуге құқығы болмаған.
Осылайша, бөлім басшысы негізсіз шарт жасасып, жерлерді сенімгерлік басқаруға берген.
Прокуратураның қадағалау актісі бойынша заңсыз жасалған шарт жойылып, қала әкімінің өкімімен жіберілген бұзушылықтар үшін бөлім басшысына тәртіптік жаза қолданылды.
Сонымен қатар, ведомство қызметкерлері Сарқырама өзені бойында көпірлер мен қоршаулар орнату арқылы мемлекеттік жер учаскелерін заңсыз басып алу фактілерін анықтады. Уәкілетті органдар жер учаскелерін қайтару бойынша жұмыс жүргізуде.
Фонд-бюро расследования коррупции