Астанада алты стационарда медицина қызметкерлерін күзету үшін тәулік бойы полиция бекеттері ұйымдастырылды. Бұл шара пациенттер мен еріп жүретін адамдар тарапынан персоналға қатысты агрессия мен шабуылдар жиілеген жағдайда қабылданды.
Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, күзетті Астана полиция департаментінің криминалдық полиция қызметкерлері мен жергілікті полиция қызметі қамтамасыз етеді. Бекеттер үш қалалық көпсалалы ересектер ауруханасында, №2 қалалық балалар ауруханасында және екі республикалық клиникада орнатылды.
«Полиция қызметкерлері оқиғалар жиі болатын қабылдау бөлмелерінде кезекшілік етеді. Азаматтардың құқыққа қайшы әрекеттері туындаған кезде полицейлер олардың жолын кесу үшін заң аясында әрекет етуге құқылы. Соңғы кездері дәрігерлерге қатысты агрессия жағдайлары жиілеп, көбінесе еш негізсіз сипатта болып жатыр», – деді басқарма басшысының орынбасары Қадыр Жарасбаев.
Ол Қостанай облысындағы соңғы резонанстық жағдай, дәрігердің пациенттің шабуылынан кейін реанимацияға түсуі, мұндай шаралардың қажеттілігін растайтынын атап өтті.
Жақын арада №1 және №3 көпсалалы балалар ауруханаларында, сондай-ақ қалалық перинаталдық орталықта күзет бекеттерін ұйымдастыру жоспарлануда. Өз кезегінде медиктер бұл бастаманы қолдайды. Олардың сөзінше, бекеттер тұрақты және қауіпсіз жұмыс ортасын құруға ықпал етеді.
«Күзет бекеттерінің құрылуы бізге қорғалғанымызға деген сенімділік береді. Тәулігіне біздің қабылдау бөлмесіне әртүрлі жарақаттар мен жағдайлармен шамамен 400 адам жүгінеді. Біз агрессияға тек пациенттер тарапынан ғана емес, олардың туыстары тарапынан да тап боламыз. Барлығы дереу көмек талап етеді, сонымен бірге медициналық көмек Triage сұрыптау жүйесі бойынша көрсетілетіні ескерілмейді. Әр пациенттің өз басымдық дәрежесі бар», – деді №2 қалалық көпсалалы аурухананың қабылдау бөлімінің меңгерушісі Мадина Табылдиевна.
Еске салайық, бұған дейін денсаулық сақтау министрлігінде ведомство басшысы Ақмарал Әлназарова мен «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусиннің қатысуымен жасанды интеллектті қолданатын цифрлық шешімдер талқыланды.
Жобалар медицина персоналының қауіпсіздігін арттыру, ауыл тұрғындары үшін медициналық көмектің қолжетімділігін кеңейту, сондай-ақ дәрігерлерге жүктемені азайту мәселелеріне қатысты болды.
Осындай жаңалықтардың бірі медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін арттыру үшін смарт-видеожетондарды енгізу болып табылады. Белгілі болғандай, технология пилоттық режимде Астананың бес жедел жәрдем бригадасында қолданылып жатыр және жақын арада Алматыда іске қосу жоспарлануда. Бастаманы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қолдады.
Фонд-бюро расследования коррупции