Су ресурстары және ирригация министрлігі «Казводхоздың» суалу каналын жеке меншікке беруі туралы ақпарат шындыққа жанаспайтынын хабарлады.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Түркістан облысы прокуратурасының баспасөз қызметі «Казводхоз» «20 жыл тәуелсіздік» суалу каналын «СК Парасат» ЖШС-не өтеусіз бергені, алайда оны мемлекет меншігіне қайтарғаны туралы ақпарат жариялаған болатын.
Министрліктің мәліметінше, машиналық канал «СК «Парасат» ЖШС-нің меншігіне берілмеген, ал оның мемлекет меншігіне қайтарылғаны туралы ақпарат анық емес.
«Мәселе «СК Парасат» ЖШС-мен 26.06.2023 жылғы, канал арнасының бір бөлігі мен оған іргелес ГНС-1 аумақтарын тұнба және құм тәрізді шөгінділерден тазартуға қатысты келісімшарт туралы болып отыр. Жасалған келісімшарт талаптарына қарамастан, «СК Парасат» ЖШС каналға іргелес аумақтардан құмды өз бетінше өндіру мен одан әрі сатуды бастағанын ескере отырып, «Казводхоз» РМК 2023 жылғы қазанда осы келісімшартты бұзу рәсімін бастады», - делінген хабарламада.
Белгілі болғандай, канал арнасын тазарту келісімшартын бұзу туралы сот органдарына талап-арыздар «Казводхоз» РМК атынан берілген.
«2023 жылғы қазанда Түркістан облысының Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына (МАЭС) талап-арыз беріліп, сол кезеңде жергілікті құқық қорғау органдарына өтініштер жолданды. Өтініштердің нәтижесі бойынша «СК-Парасат» ЖШС-не қатысты ҚК-нің 334-бабының 2-бөлігі бойынша (жер қойнауын өз бетінше пайдалану, пайдалы қазбаларды өз бетінше өндіру) қылмыстық іс қозғалды. Іс сотқа дейінгі тергеу сатысында», - деп мәлімдеді министрлікте.
«Казводхоз» РМК өтініші бойынша Түркістан облысының табиғатты қорғау прокуратурасы «СК Парасат» ЖШС қызметін тексерді. Тексеру қорытындысы бойынша компанияға анықталған бұзушылықтарды жою тапсырылды.
Содан кейін су шаруашылығы комитетінің атынан «Казводхоз» РМК уәкілетті органы 2024 жылғы сәуірде Астана қаласының МАЭС-не талап-арыз жолдады.
«Сот талқылауы барысында процеске қатысушылардың өтініші бойынша үшінші тұлға ретінде Түркістан облысының Мамандандырылған табиғатты қорғау прокуратурасының (МТҚП) прокуроры тартылды. Бірінші сатыдағы сот талап-арызды қанағаттандырудан бас тартты, бірақ Су шаруашылығы комитетінің, «Казводхоз» РМК, Астана қ. прокуратурасының және Түркістан облысы МТҚП-ның апелляциялық шағымдары бойынша Астана қаласының апелляциялық сот алқасы 25.07.2024 ж. бірінші сатыдағы соттың шешімін жойып, талап-арызды қанағаттандырды (мәміле жарамсыз деп танылды)», - делінген хабарламада.
Сонымен қатар, «Казводхоз» РМК 2024 жылғы ақпанда «Казводхоз» РМК бұрынғы лауазымды тұлғаларының заңсыз әрекеттері мен «СК Парасат» ЖШС заңсыз кәсіпкерлік қызметі фактісі бойынша тиісті шаралар қабылдау үшін Бас прокуратураға, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке және Қаржылық мониторинг агенттігіне өтініш жолдағаны атап өтілді.
Фонд-бюро расследования коррупции