Шымкент қаласының мамандандырылған экономикалық соты қалалық әкімдіктің "Су ресурстары-Маркетинг" ЖШС бірқатар объектілері бойынша шарттарды жарамсыз деп тану туралы талап арызын қанағаттандырып, кәсіпорындарды мемлекет меншігіне қайтару туралы шешім шығарды.
Шымкент қалалық әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, сот отырысында объектіні жекешелендіру кезінде жіберілген бұзушылықтар қаралды. Атап айтқанда, заңға сәйкес, мемлекеттік кәсіпорындар немесе мекемелер бірыңғай мүліктік кешендер ретінде жекешелендіруге жататыны атап өтілді.
Сонымен қатар, 1996 жылғы үкімет қаулысы қаланың тіршілігін қамтамасыз ететін объектілерді бірыңғай кешеннен шығаруға тыйым салатыны хабарланды.
Нәтижесінде сот объектілерді сатып алу-сату шарттары бойынша бірқатар шешімдердің күшін жоюмен қатар, объектілерді мемлекет меншігіне қайтару туралы шешім шығарды.
«Сот төрт су алу құрылғысы – Ақбай-қарасу, Бадам-Сайрам, Қызылсай және Тасcай, сондай-ақ тазарту құрылыстарының иесі болған «Уникансервис» кәсіпорны мен «ТрансВиК» құрамына енген автокөлік цехы бойынша хаттамаларды заңсыз деп тануды ұйғарды, — делінген хабарламада.
Бұған дейін «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС басқаруында көптеген бұзушылықтар анықталған болатын. Мәселен, уәкілетті органдар тарифтік түсімдер есебінен қаланың қажеттіліктері үшін емес, жеке гидроэлектростанцияға су беруге арналған арынды коллектор салынғанын анықтады.
Сонымен қатар, кәсіпорын қаражаты мен Еуропалық банктің несиесі су құбырының қызметіне қатысы жоқ темірбетон бұйымдары цехының құрылысына жұмсалғаны хабарланды.
Сондай-ақ, қала тұрғындарынан нақты қызмет көрсетілмейтін құбырларды «техникалық қызмет көрсету» үшін ақша жиналған. Негізсіз жинақтардың жылдық сомасы 59,8 млн теңгеге жеткен.
Бұдан басқа, бір жыл ішінде су құбыры желілерінің тозу көрсеткіші қосымша инвестициялық қаражат алу үшін жасанды түрде 10,72% -ға жоғарылатылған.
Vera.kz хабарлағандай, сотта Шымкент қаласының әкімінің мүддесін қорғаған адвокат Жания Бодау сауда-саттық жеңімпаздары жекешелендірілетін кәсіпорындардың қызметкерлері құрған компаниялар екенін атап өтті. Оның айтуынша, барлық сатып алушы фирмалар сауда-саттыққа дейін құрылған және олардың құрылтайшылары қандай объектілерді сатып алатынын алдын ала білген.
«Бағалар бірнеше есеге төмендетілген. Мысалы, Ақбай-Қарасау су алу құрылғысы 56 млн теңге бағаланғанда 5,5 млн теңгеге сатылған. Бадам-Сайрамдық 38 млн теңге бағаланғанда 2 млн теңгеге сатылған. Уникан-Сервис нақты құны 206,117 млн теңге болғанда 5 млн теңгеге сатылған. Жер бағаланбаған, бұл Жекешелендіру туралы ережені бұзу болып табылады. 1999 жылы барлық сатып алушы фирмалар «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-не қосылған. Бұл жекешелендірудің тар топтың мүддесіне мемлекеттік активтерді иемдену схемасы болғанын дәлелдейді», — деді адвокат.
Еске салайық, 2024 жылдың желтоқсанында Шымкент тұрғындары «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС мүлкін мемлекет меншігіне қайтару туралы петицияға қол жинап, оны қалалық әкімдікке жолдаған болатын. Сонда жергілікті билік петицияның дәлелдерімен келісіп, бұл мәселе мемлекеттік органның құзыретіне кірмегендіктен, түпкілікті шешімді сот қабылдайтынын атап өтті.
Фонд-бюро расследования коррупции