Skip to main content

Шымкент пен Астанада 358 млн теңгеге мүлік мемлекетке қайтарылды

Submitted by Вера Александрова on

Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) қылмыстық жолмен алынған 358 млн теңгеден астам қаражатқа сатып алынған жылжымайтын мүлікті мемлекет кірісіне тәркіледі. 

Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, ҚМА-ның Шымкент қаласы бойынша департаменті өңір лауазымды тұлғалары мен «Қуатжылуорталық-3» МКҚК-на қатысты қаланың жылу желілері мен электр беру желілерін жөндеуге бөлінген 1,1 млрд теңге бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді аяқтады.

Күдіктілер сметалық құнды және іс жүзінде орындалмаған жұмыстар үшін төлемді көтеріп көрсеткені хабарланады.

«Сонымен қатар, күдікті лауазымды тұлғалар жымқырылған қылмыстық қаражатты жылыстату мақсатында 7% мөлшеріндегі ақшалай сыйақы үшін жалған адамдарға рәсімделген 24 сенімсіз кәсіпорын арқылы тауарларды жеткізу және қызметтер көрсету жөніндегі болжамды мәмілелер бойынша жалған құжаттарды (шот-фактуралар, жүкқұжаттар, орындалған жұмыстар актілері, шарттар) ұсынатын «қолма-қол ақша алушылар» тобын тартты», - делінген хабарламада.

Параллельді қаржылық тергеу аясында ҚМА қызметкерлері қылмыстық жолмен алынған қаражатқа сатып алынған жылжымайтын мүлікті, атап айтқанда Шымкент пен Астанадағы 2 пәтерді, Шымкенттегі 3 жеке үйді, сондай-ақ банк шоттарындағы 50 млн теңгені анықтады.

Тәркілеу мақсатында сот санкциясымен мүлікке тыйым салынды. Сот жеті айыпталушыны кінәлі деп танып, оларға 2 жылдан 7,5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындады.

Еске салайық, өткен жылдың желтоқсан айында Шымкент әкімі Ғабит Сыздықбеков сотталған олигарх Тоқтар Түлешовке тиесілі «Фосфорник» мәдениет сарайы ғимараты қала балансына қабылданып, қалпына келтірілетінін хабарлаған болатын.

Маусым айында Шымкент қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаментінің басшысы Дәурен Ерғарин қалада «Мұз сарайын» мемлекеттің бақылауына қайтаруды жоспарлап отырғаны туралы жазған болатын.

Шілде айында Шымкент прокуратурасы жарты жыл ішінде мемлекетке 5,9 млрд теңгеге мүлік пен акцияларды қайтарғаны белгілі болды.