ШҚО бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Ж. Жабаев атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-гимназиясының екі бухгалтеріне қатысты қылмыстық істі тергеп жатыр.
Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, олар бір топ адамдармен бірлесіп, бюджет қаражатын 120 млн теңге көлемінде жымқырды деген күдікке ілінген. Бұл соманы күдіктілер жалақы мен басқа да төлемдерді көбейту жолымен жымқырған. Олар 5 жыл бойы ақшаны өз шоттарына аударып отырған.
Өткен жылдың басынан бері бюджет қаражатын жымқыруға байланысты 297 қылмыстық іс өндірісте болғаны атап өтіледі.
Қылмыс жасағаны үшін 406 адам әшкереленіп, оның 196-сы сотталып, әртүрлі жаза шараларына кесілді.
Естеріңізге сала кетейік, қыркүйек айында Ақмола облысында Целиноград ауданы білім бөлімінің бухгалтері 5,8 млн теңге жымқырғаны үшін сотталды.
Қазан айында Шымкентте М.Әуезов атындағы №96 жалпы білім беретін мектебінің бас бухгалтеріне үкім шығарылды, ол ай сайын жеке шотына бюджет қаражатын заңсыз аударып отырған. Барлығы ол 5,1 млн теңгені иемденіп үлгерген.
Сонымен қатар Ақтөбе облысында №48 жалпы білім беретін мектептің бухгалтері сотталды. Ол мектеп қажеттіліктеріне бөлінген 230 млн теңгені заңсыз иемденді деп айыпталды.
Фонд-бюро расследования коррупции