Шымкент гарнизонының әскери соты шекара қызметінің бұрынғы ефрейторы Азат Медралыға үкім шығарды. Ол контрабандашыларға шекарадан заңсыз өтуге жәрдемдескен деп танылды.
Ratel.kz хабарлағандай, оқиға былтырғы шілде айында Жамбыл облысының Мерке ауданындағы мемлекеттік шекара бөлігінде болған.
Тергеу мәліметтері бойынша, Медралы қарсаңында белгісіз бір адаммен шекара арқылы бірнеше автокөлікті 5 млн теңге сыйақы үшін заңсыз өткізу туралы келіскен.
22 шілдеге қараған түні айыпталушы шекара нарядының ағасы бола тұрып, екі бағыныштысын шекара жолағын аралауға жіберген. Сот отырысында әскери қызметшілердің хабарлауынша, патрульдік бағытта жүріп, олар Қырғыз Республикасы жағынан бірнеше автокөліктің өшірілген фаралармен өткізу пунктіне қарай бет алғанын байқаған. Шекарашылар бұл туралы штабқа станция арқылы дереп хабарлап, кері асыға жол тартқан.
Олар өткізу пунктіне жақындаған кезде, бірнеше жүк және жеңіл автокөлік Қазақстан аумағына өтіп үлгерген екен. Әскери қызметшілердің сөзіне қарағанда, Медралы таяқпен шина іздерін жасырып жатқан.
Оқиға орнына шекара қызметінің қосымша нарядтары келіп, құқық бұзушыларды қудалауды бастады. Нәтижесінде шекарашылар тек бір жүк автокөлігін - «Камазды» ұстай алды, оның бортында 156 550 бума заңсыз темекі болған. Жүктің және төленбеген акциздік алымдардың жалпы құны шамамен 170,5 млн теңгені құрады.
Сотталушы кінәсін ішінара мойындап, ешкіммен сөз байласпағанын, тек бекетте ұйықтап қалып, өтіп бара жатқан автокөліктерді естімегенін айтқан.
Сот Азат Медралыны кінәлі деп танып, оған әскери атағынан айыру және құқық қорғау органдарында өмір бойы қызмет етуге тыйым салумен қатар, қатаң режимдегі колонияда 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Фонд-бюро расследования коррупции