2024 жылы орман шаруашылығы мекемелерін материалдық-техникалық жарақтандыруға еліміздің орман саласының бүкіл тарихында тұңғыш рет 47 млрд теңге бөлінді.
Экология министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, ақша қолданыстағы техниканың 72% тозуын ескере отырып берілген.
Бұл Жетісу облысы, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Алматы, Жамбыл, Ақтөбе, Атырау және Қызылорда облыстарының өрт қаупі жоғары орман мекемелеріндегі автопаркті толығымен жаңартуға мүмкіндік берді.
Бюджет қаражаты және лизинг есебінен 428 өрт сөндіру машинасы, 389 шағын орман өрт сөндіру кешені, 387 трактор және 104 патрульдік машина сатып алынды.
1 шілдеден бастап орман өрт сөндіру станцияларының қызметкерлеріне лауазымдық жалақысының 100% мөлшерінде қосымша төлем белгіленгені атап өтілді.
Еске сала кетейік, өткен жылы маусымда Абай облысының ормандарында ірі өрт болып, салдарынан «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының 14 қызметкері қаза тапты. Өрт 63 мың гектардан астам бірегей реликті қарағайлы орманды жойды. Келтірілген залал 160 млрд теңгеден асты.
Кейін резерват пен Новошульбинка филиалында басшылық қызметтерді атқарған екі адам 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасын алды.
Биылғы шілдеде Абай облысында «Семей орманы» резерваты филиалының директоры ұсталғаны хабарланды. Ол орман ұрлады деген күдікке ілінді. Одан басқа, құқық қорғау органдары 20-дан астам адамды ұстады.
Сонымен қатар, экология және табиғи ресурстар министрлігінің тексеруінен кейін Павлодар, Ақмола және Қостанай облыстарының, сондай-ақ «Семей орманы» резерватының ықтимал өрттерге дайын еместігі белгілі болды.
Фонд-бюро расследования коррупции