«Бузачи Мұнай» ЖШС Маңғыстау облысындағы «Оңтүстік Қаратұрын» кен орнындағы өрт үшін 2,3 млрд теңгеге жуық айыппұл салынды.
««Бузачи Мұнай» ЖШС-нен мемлекет кірісіне Т2 269 347 033 сомасындағы залалды, сондай-ақ Т68 080 411 мөлшеріндегі мемлекеттік баж салығын өндіріп алу», - делінген Алматы мамандандырылған ауданаралық сотының қаулысында.
БАҚ деректері бойынша, залалды өндіріп алу туралы талапты «ҚР Энергетика министрлігінің Мұнай-газ кешеніндегі мемлекеттік инспекцияның Батыс өңіраралық басқармасы» РММ берген.
Іс материалдарына сәйкес, басқармаға облыстық мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасынан «Оңтүстік Қаратұрын» кен орнындағы №303 ұңғыманы бұрғылау кезінде газ-су қоспасының шығып, кейін тұтану фактісі бойынша бұзушылықтарды жою туралы ұсыныс келіп түсті.
««Бузачи Мұнай» ЖШС «Оңтүстік Қаратұрын» кен орнындағы №303 ұңғымадан шикі газды оның сыртқы сақиналы кеңістігінен (грифон) жағу салдарынан ҚР «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодексінің 123-бабы 3-тармағының («көмірсутектерді барлау жұмыстары барлау жұмыстарының жобасында және (немесе) сынақтан өткізу жобасында көзделген әдістермен және тәсілдермен, жер қойнауын пайдаланудың оң тәжірибесіне сәйкес жүргізілуі тиіс») және ҚР «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодексінің 125-бабы 2-тармағының («өндіру базалық жобалау құжатында көзделмеген көмірсутектердің жоғалуын болдырмайтын әдістермен және тәсілдермен, жер қойнауын пайдаланудың оң тәжірибесіне сәйкес жүргізілуі тиіс») талаптарын бұзуға жол беріліп, мемлекетке экономикалық залал келтірілді», - деп түсіндірді сотта.
«Оңтүстік Қаратұрын» кен орнындағы өрт биылғы жылдың маусым айының басында басталғаны атап өтіледі. Оны сөндіруге жарты жылдан астам уақыт кетті.
Сонымен қатар, «Бузачи Мұнай» ЖШС сол кезде экология департаменті тұтанудан кейін ұңғымадан 1 км радиустағы санитарлық-қорғау аймағында зиянды заттардың шекті-рұқсат етілген шоғырлануының асып кетуіне ауа сынамаларын алғанын және зерттеулер көрсеткіштердің асып кетуін анықтамағанын мәлімдеген болатын.
Фонд-бюро расследования коррупции