Skip to main content

Мемлекеттік бюджеттен прокатқа шықпаған фильмдерге 1 млрд-қа жуық қаржы жұмсалды

Submitted by Вера Александрова on

Мемлекет қаржыландырған «Таңдау» (500 млн теңге) және «Тырналар» (421 млн теңге) фильмдері прокатқа шықпады.

Алматы прокуратурасының баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл сомаларға фильмдерді өндіруді ұйымдастыру, прокат және шетелде жылжыту кірген. 

«Осылайша, мемлекет заңнамада көзделген прокат пен фильмді көрсетуден түсетін кірістің 20% үлесін алу мүмкіндігінен айырылды», - делінген хабарламада.

Прокуратурада елде барлық кинотеатрлардағы кинокөрсетілімдер мен сатылған билеттер бойынша статистиканы қадағалауға мүмкіндік беретін бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық мониторинг жүйесі енгізілмегені атап өтілді.

«Сараптамалық кеңестің жұмысына жекелеген ескертулер бар, ол кино жобаларын объективті емес іріктеуді жүргізеді, оның үстіне продюсерлер, режиссерлер, актерлер, кино компанияларының құрылтайшылары бір уақытта Сараптамалық кеңестің мүшелері болған және кейін жоба қаржыландыру алған фактілер анықталды, бұл ҚР Үкіметінің 15.03.2019 жылғы №113 қаулысына қайшы келеді», - делінген хабарламада.

Прокурорлық қадағалау актісі бойынша мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары, сондай-ақ «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» ЕАҚ басқарма төрағасының орынбасары тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Еске сала кетейік, маусым айында Алматы Бостандық аудандық соты «Қазақфильмнің» бұрынғы вице-президенті Серік Жұбандықовқа қатысты үкім шығарды.

Ол «Көшпенді» кино жобасы аясында нарықтық бағадан 44 есе төмен бағамен салынған «Түркістан қаласы» бұтафорлық бекінісін ұрлағаны үшін сотталды.