Жоғары аудиторлық палата (ЖАП) құрылыс саласындағы баға белгілеу аудитін аяқтады.
Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, Қазақстанда өткен жылы құрылыс жұмыстарының жалпы көлемі 7,6 трлн теңге жетіп, 2022 жылмен салыстырғанда 21%-ға өскен.
ЖАП мүшесі Михаил Бортник құрылыстағы баға белгілеуге әсер ететін қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерде бірқатар кемшіліктер бар екенін атап өтті.
«Кейіннен бағаларға мониторинг жүргізу және құрылыстағы сметалық-нормативтік базаны қамтамасыз ету үшін негіз болатын базалық кәсіпорын-жеткізушілерді іріктеудің нақты өлшемшарттары мен ашықтығы жоқ. Бұл құрылыс материалдары, бұйымдары, конструкциялары мен жабдықтарына баға мониторингіне қатысты. Сонымен қатар, компаниялар есептілік нысанын ұсынбағаны үшін жауапкершілік көтермейді», - делінген хабарламада.
Сонымен қатар, аудиторлар мемлекеттік сатып алу туралы заңнан кемшіліктер тапты.
«Мемлекеттік сатып алуды жүргізу қағидалары мердігердің сметасына сәйкес құрылыс жобаларын іске асыру туралы ережелерді ескермейді. Сонымен қатар, қолданыстағы заңнама технология мен конструктивтік бөлігін сақтай отырып, құрылыс жобаларын түзету және қымбаттату жағдайында техникалық және авторлық қадағалау қызметтерін көрсету шарттарының сомасын да ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бұл қадағалау қызметтерінің көлемі сол күйінде қалса да, бюджетке қосымша жүктеме әкеледі», - деп хабарлады ЖАП.
Мемлекеттік аудит инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру кезінде де бұзушылықтар мен кемшіліктерді анықтады.
«ШҚО Күршім ауданындағы Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір өткелінің құрылыс жобасы бойынша қымбаттау 31,2 млрд теңгеден астамға немесе 104%-ға болды. Өскемендегі Гематология орталығының құны 32 млрд теңгеден 72 млрд теңгеге дейін, яғни 125%-ға өсті», - делінген хабарламада.
Жалпы құрылыс саласында аудиторлар мыналарды анықтады:
- 1,3 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар;
- 14,2 млрд теңгеден астам бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау және пайдалану;
- экономикалық шығындар және өткізіп алған пайда – 530 млн теңге.
Фонд-бюро расследования коррупции