Маңғыстау облысының Бейнеу ауылында жаңа тоқсанның бірінші күні 11 мектеп оқушысы жаппай уланды. Жүрек айну, құсу және әлсіздікпен аудандық аурухананың қабылдау бөліміне бастауыш сынып оқушылары түсті.
Оларға медициналық көмек көрсетіліп, үйлеріне жіберілді – қазір балалар амбулаториялық емделуде, деп хабарлайды «Еуразия» бірінші арнасы.
Өз кезегінде облыстың денсаулық сақтау басқармасы балалардың ас қорытуы бұзылғанын хабарлады.
Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы мектептен азық-түлік өнімдерінің сынамаларын зертханалық зерттеуге алуды жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Нәтижелері үш күннен кейін белгілі болады.
Еске салайық, өткен жылдың қыркүйек айында Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданының Маңғыстау ауылындағы Бесшоқы тұрғын алабында 462 бастауыш сынып оқушысы асханадағы түстен кейін жаппай уланған болатын. Сол кезде Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев елдегі барлық мектептерде тексеру жүргізуді тапсырған еді.
Сонымен қатар мектеп асханасына «Шакенова Д» ЖК қызмет көрсеткені белгілі болды. Кәсіпорынның жылдық табысы 2,5 млрд теңге деп бағаланғаны хабарланды. Компаниямен келісімшарттардың көпшілігі бір көзден алу тәсілімен жасалған.
Кейінірек мектеп асханасынан алынған сынамалар мен жағындылардың 20 %-нан ішек бактериялары табылды. Асхананың алты қызметкерінен стафилококк анықталды. Сонымен қатар, ыдыс жуушы және тамақ үлестіруші дизентерия тасымалдаушылары болып шықты.
Қазан айында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев осы оқиғадан кейін Маңғыстау облысы білім басқармасының басшысы қызметінен кеткенін, ал облыс әкімінің орынбасары сөгіс алғанын айтты. Сонымен қатар, мектеп тамақтандыру қызметін көрсеткен компаниямен келісімшартты бұзды.
Ағымдағы жылдың қаңтарында аталған мектеп асханасының төрт қызметкері медициналық тексеруден өтпей жұмыс істегені үшін сотталды. Айыпталушылар жалған медициналық қорытындыларды 5000 теңгеге сатып алғандарын мойындады.
Ақпан айында Маңғыстау облысы Жаңаөзен қалалық әкімдігіне қарасты Қызылсай ауылында балабақшалардың бірінің 100 тәрбиеленушісінің жаппай улануы орын алды.
Фонд-бюро расследования коррупции