Қызылорда облысында Жаңақорған ауданы білім бөлімінде бюджет қаражатын жымқыру ісі бойынша үкім шығарылды.
Өңір прокуратурасы баспасөз қызметінің мәліметінше, сот отырысында 9 адам отырды. Олар бюджеттің 200 млн теңгеден астам қаражатын жымқырды деп айыпталды.
«Сотқа дейінгі тергеу облыс прокуратурасымен жүргізілді. Сот қарауы барысында мемлекеттік айыптаушы білім беру жүйесінде жұмыс істемейтін адамдардың шоттарына ақша қаражатының заңсыз аударылғанын дәлелдеді», - делінген хабарламада.
Сот істің негізгі фигуранттарын бас бостандығынан айыруға, қалған 7 қатысушыға бухгалтерлік қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, шартты жаза тағайындады. Сотталғандардың нақты қандай мерзім алғаны хабарланбады.
Еске сала кетейік, бұған дейін белгілі болғандай, Жаңақорған ауданы білім бөлімінің басшысы Ибрагимова Б., бас бухгалтер Аязбаева К. және 24 мектептің бухгалтерлері 1 млрд теңгеден астам қаражатты жымқырды деп танылды.
Сот мекеме басшысы мен бас бухгалтеріне 8 жыл бас бостандығынан айыру, мектеп бухгалтерлерінің біріне кәмелетке толмаған баласының асырауында болуына байланысты жазасын 5 жылға кейінге қалдыра отырып, 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Фонд-бюро расследования коррупции