Skip to main content

Құрылыс компаниясының менеджерлері ШҚО-да үлескерлерден 1,8 млрд теңге жымқырды деп күдіктелуде

Submitted by Вера Александрова on

ШҚО бойынша ҚММ департаменті құрылыс компаниясының екі топ-менеджеріне қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастады.

Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, олар көппәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылысын сылтауратып 1,8 млрд теңге жымқырды деген күдікке ілінген.

Күдіктілер Өскеменде құрылысқа үлестік қатысу туралы жалған шарттар жасасқаны атап өтілді. Олардың әрекетінен 102 азамат зардап шекті.

«Іс жүзінде нысан ұзаққа созылған құрылысқа айналды. Мерзімдерді бірнеше рет ұзартуға қарамастан, тұрғын үй кешенінің құрылысы аяқталмады», - делінген хабарламада.

Сонымен қатар, компанияда үлескерлердің ақшасын тартуға рұқсат құжаттары болмаған. Күдіктілер тергеу изоляторына орналастырылды. Зардап шеккендерге келтірілген залалды өтеу үшін олардың 2,3 млрд теңгеге мүлкі тәркіленді.

Еске салайық, былтырғы қазан айында БҚО-да жалған құрылысшылар міндеттемелерін орындамай, азаматтардың ақшасын алу үшін алдамшы схемаларды қолданғаны хабарланған. Олардың әрекетінен келтірілген залал 490,8 млн теңге құрады.

Кейін Астанада құқық қорғау органдары 12 құрылысшыға қатысты қылмыстық істерді тергеп жатқаны белгілі болды.

Қараша айында Ақтөбе облысында бірнеше құрылысшы қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Мәселен, «Андора Констракшн» ЖШС директоры жергілікті атқарушы органнан үлескерлердің ақшасын тартуға рұқсат алмай, жалған шарттар арқылы 25 азаматқа 313 млн теңгеге пәтер сатқан. Атырау қаласының №2 соты компания директорын кінәлі деп танып, 5 жыл бас бостандығынан айыруға үкім шығарды.

Желтоқсанда премьер-министр Олжас Бектенов үлестік құрылыс шарттарын жасасу кезінде азаматтар үшін тәуекелдерді болдырмайтын тетік әзірлеуді тапсырды