Қостанай облысында жергілікті ұйымдардың бірінің басшысы 900 млн теңгеден астам қаражатты жымқыруға күдіктелуде.
Өңір прокуратурасының баспасөз қызметінің мәліметінше, 2019-2023 жылдар аралығында күдікті вагондарды жеткізу және жалға беру, ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу, сондай-ақ ауыл шаруашылығы дақылдарын сатып алу бойынша 4 қылмыстық схеманы әзірлеген.
Нәтижесінде ол 18 зардап шегушінің мүлкін жалпы сомасы 900 млн теңгеден астам қаражатқа жымқырған. Бұл ақшаға ол бизнес жүргізу үшін (хостел) жылжымайтын мүлік сатып алып, сол арқылы оларды заңдастырған.
«Күдіктінің іс-әрекеттері ҚК-нің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы, 195-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы, 218-бабы 1-бөлігі (аса ірі мөлшерде жасалған алаяқтық, алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен ірі мөлшерде мүліктік залал келтіру, қылмыстық жолмен алынған ақшаны және (немесе) өзге де мүлікті заңдастыру (жылыстату) бойынша сараланған», - делінген хабарламада.
Осы баптардың санкциясы мүлікті тәркілеу және белгілі бір лауазымдарды атқаруға немесе белгілі бір қызметпен айналысуға өмір бойына тыйым салу арқылы 10 жыл бас бостандығынан айыру түріндегі ең жоғары жазаны көздейді. Қылмыстық іс Қостанай қаласының №2 сотына жіберілді.
Еске салайық, бұған дейін Германиядан Қазақстанға экстрадицияланған алаяқтық жасауға күдікті тұлға бар. Аталған адам екі сыбайласымен бірге жалған фирмалар құрып, бидай жеткізу сылтауымен кәсіпкердің жалпы сомасы 100 млн теңгеден астам қаражатын иеленген.
Полиция қызметкерлері фигуранттардың бірін ұстады, қалған екеуі жауапкершілікке тартылудан қорқып, жасырынып, халықаралық іздеу жарияланды.
Фонд-бюро расследования коррупции