Қордай аудандық сотында «ҚазАвтоЖол» Жамбыл облыстық филиалы директорының орынбасары Тұлтаев Д., «ДорСтрой» ЖШС мердігер ұйымының жоба жетекшісі Құрбанов У. және «Алматы Сапа Инжиниринг» ЖШС техникалық қадағалау сарапшысы Мұсақұл Д. сотталды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет баспасөз қызметінің мәліметінше, олар Қазақстан-Қырғыз шекарасындағы «Қордай» өткізу бекетін салу және қайта жаңарту кезінде 296 млн теңгеден астам қаражатты жымқырғаны үшін кінәлі деп танылды.
«Ұрлық орындалмаған жұмыстардың актілеріне қол қою, бірдей жұмыс түрлеріне екі рет ақы төлеу, құнын асыра көрсету және жабдықтарды жеткізбеу арқылы жасалған», - делінген хабарламада.
Тұлтаев пен Құрбановқа әрқайсысына 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, 10 жыл мерзімге жол-құрылыс жұмыстарымен және құрылыс саласындағы кәсіпкерлік қызметпен айналысу құқығынан айырылды.
Мұсақұл 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасына кесіліп, 10 жыл мерзімге сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы инжинирингтік қызметтер көрсетуге тыйым салынды.
Еске сала кетейік, бұрын Астана қалалық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ басқармасының бұрынғы төрағасы Асқар Мұратұлы мен «Асыл-ЖАС» ЖШС директоры Қазбек Жұмагелдиевке қатысты үкім шығарған болатын. Олар 200 млн теңге жымқырды деп айыпталды.
Фонд-бюро расследования коррупции