«Семей орманындағы» былтырғы өрт үшін тағы бір адам сотталды. Бұл «Қазавиалесоқорғау» директорының міндетін уақытша атқарушы Талғат Әлиев туралы болып отыр.
«Nege.Aqsha» Telegram-арнасының мәліметінше, Әлиев Бородулиха және Бөкебай авиабөлімшелерінің қызметкерлерін арқанды құрылғыны қолдана отырып түсу техникасына оқытуды ұйымдастырмағаны үшін сотталған.
Сонымен қатар, 2023 жылдың мамырында ол Ми-8 орнына Ми-2 тікұшағын жалдаған. Техника өрт сөндіруші-десантшыларды түсіруге жабдықталмаған және су төгетін құрылғыларды пайдалана алмаған, бұл қол жетпейтін жерлердегі өртті жедел сөндіруді мүмкін етпеген.
Бұл 2023 жылдың 8 маусымында «Семей орманы» Батпаев орманшылығының 66-шы кварталында өрт шыққан кезде белгілі болды.
«М. Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясының 2023 жылғы 28 желтоқсандағы қорытындысы бойынша, өрт анықталған кезде оны сөндіруге қол құралдары бар екі өрт сөндіруші-десантшы жеткілікті болған. Алайда, тікұшақтың талаптарға сәйкес келмеуі және десанттауға рұқсаттың болмауы өртті уақытында сөндіруге мүмкіндік бермеді, бұл оның таралуына және ауыр зардаптарға әкелді», - делінген хабарламада.
Нәтижесінде сот Әлиевті экология министрлігіне өрттен келтірілген 161,5 млрд теңге шығын сомасын төлеуге міндеттеді. Сондай-ақ ол 4,8 млрд теңге мөлшерінде мемлекеттік баж салығын төлеуі керек.
Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың маусым айында Абай облысының ормандарында үлкен өрт болып, салдарынан «Семей орманы» орман табиғи резерватының 14 қызметкері қаза тапты. Өрт 63 мың гектардан астам бірегей реликті қарағайлы орманды жойды. Шығын 160 млрд теңгеден асты.
Кейін резерватта және Жаңа Шүлбі филиалында басшылық қызметтерді атқарған екі лауазымды тұлға 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасын алды.
Осы жылдың шілдесінде «Семей орманы» резерваты филиалының директоры ұсталғаны хабарланған болатын. Ол орман ұрлығына күдіктелген. Одан бөлек, құқық қорғау органдары 20 адамнан астамын ұстады.
Фонд-бюро расследования коррупции