Қытайдың ауруларды бақылау және алдын алу басқармасы ҚХР-да метапневмовирус (HMPV) өршігенін тіркеді.
«Қазинформ» ХАА деректеріне сәйкес, 23-29 желтоқсан аралығында ауруханалардан алынған сынамаларды талдау тұмау, риновирус және метапневмовирусты қоса алғанда, жедел респираторлық инфекциялардың белсенді таралғанын көрсетті.
«Ауру деңгейі әсіресе 14 жасқа дейінгі балалар арасында өсуде, бұл үрдіс солтүстік провинцияларда айқынырақ байқалады. Дәрігерлер инфекцияның тыныс алу жолдарын зақымдап, мұрынның ағуына, жөтелге және қызбаға әкелетінін, ал балалар мен әлсіз пациенттерде бронхитке ұласуы мүмкін екенін атап өтеді», - делінген хабарламада.
Сонымен қатар, желіде Қытайдың кейбір ауруханаларының палаталары маска киген пациенттерге толып кеткені көрсетілген бейне тарай бастады. Автор болған оқиғаны Қытайдағы Covid індетінің алғашқы күндерімен салыстырады.
Өз кезегінде ҚР Денсаулық сақтау министрлігі HMPV - бұл бүкіл әлемде бұрыннан таралып жүрген әдеттегі вирус екенін мәлімдеді.
Ведомствоның баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл вирус штамдары Қазақстанда ЖРВИ және тұмаумен сырқаттанушылықтың маусымдық өсу кезеңінде белсенді таралатын басқа инфекциялармен қатар анықталды.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің деректеріне сәйкес, 2024 жылдың қазан айынан бастап елімізде метапневмовирустың таралуының 30 жағдайы тіркелді.
«Эпидемиялық маусымның басынан бастап республика бойынша тұмау емес вирустарға 8 360 үлгі зерттелді. Оның ішінде 1866 (22%) оң сынама анықталды, оның ішінде ең көп таралғаны риновирус – 680 сынама немесе 36,4%, одан кейін РС вирус – 433 (23,2%), аденовирус – 226 (12,1%), коронавирус – 206 (11,1%), парагрипп – 178 (9,5%), бокавирус – 113 (6,1%) және соңғы орында метапневмовирус – 30 (1,6%)», - делінген хабарламада.
Денсаулық сақтау министрлігі халықты алдын алу шараларын сақтауға және адамдар көп жиналатын жерлерде байланысты шектеуге шақырады.
Сонымен қатар, ведомство азаматтарға тұмау мен ЖРВИ-дің алдын алу бойынша ұсынымдар берді:
- адамдар көп жиналатын жерлерге, әсіресе жабық үй-жайларға баруды шектеу;
- үй-жайларды үнемі желдетіп тұру;
- қолды өңдеу үшін антисептиктер немесе дезинфекциялық майлықтарды қолдану;
- ауру адамдармен байланысты шектеу, оларды оқшаулауды қамтамасыз ету;
- тұмау және ЖРВИ белгілері пайда болған кезде балаларды үйде қалдырып, ұйымдасқан ұжымдарға (мектепке дейінгі ұйымдар, мектептер) жібермеу;
- ауру белгілері пайда болған кезде уақтылы медициналық көмекке жүгіну.
Фонд-бюро расследования коррупции