Skip to main content

Қазақстан емханаларында пациенттерді фототіркеу жүйесі енгізілді

Submitted by Вера Александрова on

Қаңтар айының басынан бастап еліміздің емханаларында пациенттерді фотоға түсіру жүйесі енгізілді. Камералар дәрігерге барған фактіні тіркейді.

«31 арна» деректері бойынша, жаңашылдық жалған жазбаларды азайту үшін енгізілді, алайда барлық пациенттер фототіркеуге келіспейді.

«Бірнеше секунд ішінде камера пациенттің қатысқанын тіркейді. Сурет бірден цифрлық медициналық мәліметтер базасына жіберіледі. Медицина қызметкерлері бұл жаңалықты күнделікті жұмыстың бір бөлігі ретінде қабылдап үлгерді. Ал пациенттер фототіркеудің денсаулық сақтау жүйесінде нормаға айналғанына әлі үйренуі керек», - делінген хабарламада.

Белгілі болғандай, Астанада жүйені пилоттық іске қосу кезінде 36 мың пациент фотоға түсуден бас тартқан.

«Кейбір пациенттер фототіркеу не үшін қажет деп сұрайды, біз оларға бұл жаңа ереже екенін түсіндіреміз. Егер адам фототіркеуден өткісі келмесе, ол egov.kz порталынан табуға болатын арнайы кодты ұсына алады», – деп атап өтті Шымкент қаласы №1 емхананың инфекционист дәрігері Жанайым Мұратбекқызы.

Жүйе медициналық қызметтерді көрсету бақылауын күшейту үшін енгізілді. Өткен жылы еліміздің медициналық ұйымдарында 208 млн теңгеге дәрігерлерге жазылған 23 мыңнан астам жалған жазба анықталғаны атап өтіледі.

Өз кезегінде денсаулық сақтау министрлігі сәйкестендіруден кейін пациенттің фотосы автоматты түрде жойылатынын, бұл деректердің таратылып кету мүмкіндігін болдырмайтынын жеткізді.