Skip to main content

Қайырымдылық қорының директоры аурулар үшін жиналған қаражатты иемденді

Submitted by Вера Александрова on

Ақтөбеде «More Life» қайырымдылық қорының директоры Бибигүл Жулинаға үкім шығарылды. Ол алаяқтық үшін сотталды.

Telegram-арнасының «HALYQSTAN» мәліметінше, Жулина шетелде күрделі операцияға мұқтаж жандарға ақша жинаған. 

Тергеу анықтағандай, Жулина 2022 жылдан 2024 жылға дейін ауру балаларды емдеуге қайыр ретінде түскен ақшаны иемденген. Келтірілген шығынның жалпы сомасы  44 млн теңгеге жуықты құрады.

Жулина кінәсін мойындамай, сот процестерін «цирк» деп атап, айғақ беруден бас тартты.

Ақтөбе қаласының №2 соты Бибигүл Жулинаны бөтеннің мүлкін ұрлады деп тауып, 6,5 жыл бас бостандығынан айыруға соттады.

Сонымен қатар, оған 10 жыл бойы коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдарда басшылық қызметтерді атқаруға тыйым салынды. 

«Жәбірленушілердің келтірілген материалдық залал сомасын өндіріп алу туралы азаматтық талаптары қанағаттандырылды», - деп хабарлады Ақтөбе қаласы №2 сотының баспасөз қызметі.

Еске сала кетейік, қыркүйек айында Шымкент тұрғыны Талғар ауданынан балаларды емдеуге көмек көрсету сылтауымен ақша жинады деп күдіктелгені хабарланған болатын. Күдікті іс жүзінде онкологиялық аурулармен ауырған балалардың суреттерін пайдаланған. Сонымен қатар, ол жалған банк картасының деректемелерін орналастырған. Келтірілген шығын 32 млн теңгеден асқан.