Skip to main content

Қарағанды облысында тағы бір ірі есірткі зертханасы жойылды

Submitted by Вера Александрова on

Қарағанды облысы полиция департаментінің (ПД) наркотик қылмысына қарсы күрес басқармасы қызметкерлері «Арлан» арнайы жасағымен бірлесіп, синтетикалық есірткі өндіретін ірі қолжасау зертхананы жойды. Операция облыстық прокуратураның жәрдемімен ауқымды «Қарасора-2025» арнайы операциясы аясында жүргізілді.

Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, заңсыз өндіріс Солтүстік-Батыс кенті аумағында анықталды. Жедел іс-шаралар барысында заңсыз айналымнан есірткі жасауға арналған шамамен 6 тонна химиялық зат және 35 кг дайын психотроптық зат тәркіленді.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, тәркіленген есірткі затының мөлшері бір миллион дозадан астамға баламалы. Өлімге әкелетін «тауардың» дәл осындай көлемі қара нарықта сатуға жоспарланған. Операция өңірдегі наркотик қылмысына қарсы ауқымды күрестің бір бөлігі болды. Құқық қорғау органдарының үйлестірілген әрекеттерінің арқасында есірткінің үлкен партиясының көлеңкелі айналымға түсуіне жол берілмей, қылмыстық бизнеске елеулі соққы берілді.

Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылдың 1 маусымынан бастап Қазақстанның бүкіл аумағында есірткі заттарын өсіруге, өндіруге және таратуға жол бермеуге бағытталған «Қарасора-2025» жедел-профилактикалық операциясы басталды. 

Операцияның бірінші күні Қарағанды облысы Осакаров ауданының Батпақ ауылында наркотик қылмысына қарсы күрес басқармасының қызметкерлері облыстық прокуратураның жәрдемімен қолжасау есірткі зертханасын жойды

Шахтинск қаласының 24 және 25 жастағы екі тұрғыны ұсталды, олар 3 млн теңге тұратын жеке үйді сатып алып, онда есірткі заттарын өндіруді ұйымдастырған. Тінту барысында химиялық заттары бар 121 канистр, пресс және реакторды қоса алғандағы арнайы жабдық, респираторлар және жеке қорғаныс құралдары тәркіленді. Тәркіленген химиялық заттардың жалпы салмағы шамамен 2 тоннаны құрады.

Бұған дейін Асыл ауылында құқық қорғаушылар осыған ұқсас қолжасау өндірістің әрекетіне тосқауыл қойып, шамамен 200 кг есірткі мен кәсіби жабдықты тәркілеген болатын. Алматы қаласының екі тұрғыны — 25 жастағы ер адам мен 29 жастағы әйел ұсталды. 

Мамыр айында Бұқар-Жырау ауданының Жаңақала ауылында полицейлер облыстық прокуратураның үйлестіруімен мефедрон синтетикалық есірткісінің қолжасау өндірісін жойды. Шамамен тонна химиялық прекурсорлар және 500 гр астам дайын есірткі заты тәркіленді. Алматы облысының 38 жастағы тұрғыны ұсталып, қылмыстық іс қозғалды.