Skip to main content

Бұрынғы Атыраудағы жедел уәкіліне пара үшін 15 млн теңге айыппұл салынды

Submitted by Вера Александрова on

Атырау қаласындағы №2 сотында Атырау облысы полиция департаментінің криминалдық полиция басқармасының жедел уәкілінің қылмыстық ісі қаралды. Ол өзінің қызметтік жағдайын пайдалана отырып, алдау жолымен бөтен мүлікті иемдену – алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылды (ҚК 190-бабының 2-бөлігінің 3-тармағы).

Өңір соттарының баспасөз қызметінің мәліметінше, полицей қылмыстық іс бойынша жүрген азаматқа тиесілі 1,5 млн теңгені алдап иемденген. 

«М.К. азаматының қылмыстық іс бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатқанын біле тұра, М.К. мен А.К.-ның құқықтық сауатсыздығы мен күйзелістегі психологиялық жағдайын пайдаланып, бұл қаражат айыппұл төлеуге арналғанына сендіріп, алаяқтық жолмен 1 500 000 теңге көлеміндегі ақшаларын иемденген», - делінген хабарламада.

Сотталушы кінәсін толық мойындады. Прокурор оған 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру, мемлекеттік қызметте және мемлекеттік ұйымдарда лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыру түріндегі жаза тағайындауды сұрады. 

Өз кезегінде жәбірленушілер сотталушыға бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындауды сұрады.

Нәтижесінде сот бұрынғы жедел уәкілді кінәлі деп тауып, оған 15 млн теңге (пара сомасының 10 есесі) көлемінде айыппұл түріндегі жаза тағайындап, мемлекеттік қызметте, мемлекеттік ұйымдарда және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымдарды атқаруға өмір бойына тыйым салды. Сондай-ақ ол полиция капитаны атағынан айырылды. 

Еске сала кетейік, бұған дейін Беларусьтен келген саяхатшылар желіде Түркістан облысындағы трассада жол қозғалысы ережесін бұзбай келе жатқанын, алайда оларды патрульдік тоқтатқанын айтып бейнеролик жариялаған болатын.

Полицейлер туристерден жергілікті техникалық байқаудан өтуді талап етіп, камераға бұзушылық тіркелгенін мәлімдеген, бірақ дәлелдер көрсетпеген. Құқық қорғаушылар ақша берілгеннен кейін туристерді енді тоқтатпайтындарына уәде берген. Кейінірек полицейлердің жұмыстан шығарылғаны хабарланған болатын.