Skip to main content

Білім саласынан ұрланған 1,5 млрд мемлекетке қайтарылды

Submitted by Вера Александрова on

Түркістан облысының прокурорлары өңірдің білім беру саласындағы 123 қызметкерге қатысты 7 сотқа дейінгі тергеуді аяқтады.

Ведомство баспасөз қызметінің мәліметінше, Сауран және Созақ аудандары білім бөлімдерінің қызметкерлеріне қатысты 2 қылмыстық іс сотқа жіберілді. Қалған 5 іс бойынша қылмыстық процеске қатысушылар материалдармен танысып жатыр.

Тергеу барысында күдіктілерден 1,5 млрд теңге мемлекет кірісіне өндіріліп, қылмыстық жолмен алынған мүлік 2,9 млрд теңгеге тәркіленді.

Еске салайық, шілде айында Түркістан облысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет білім саласындағы сыбайлас жемқорлықпен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топтың (ҰҚТ) әрекетін тоқтатты. 12 қатысушыдан тұратын қылмыстық топ 3,7 млрд теңге бюджет қаражатын жымқыруға күдікті.

Кейін Жетісу облысында Талдықорған қалалық білім бөлімінің басшысы Ж. Жолдыхановқа қатысты үкім жарияланды. Ол бөлімнің бас бухгалтерінен 280 млн теңге көлемінде пара алғаны үшін кінәлі деп танылды. Нәтижесінде Жолдыханов 11 жыл бас бостандығынан айыру және өмір бойы мемлекеттік қызметте лауазымды атқару құқығынан айыру жазасына кесілді.

Ақпан айында Жетісу облысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Талдықорған қалалық білім бөлімінің лауазымды тұлғаларына қатысты тергеуді аяқтады. Олар бюджет қаражатын жымқыру мақсатында ұйымдасқан қылмыстық топ құруда айыпталды. Қылмыстық әрекеттердің нәтижесінде мемлекетке 4,3 млрд теңге көлемінде залал келтірілді. Қорытындысында қылмыстық топтың ұйымдастырушысы 15 жылға бас бостандығынан айырылып, оның қатысушылары 9-дан 13 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын алды.