Премьер-министр Олжас Бектенов «Қазмыш» ЖШС-нің экологиялық заңнаманы сақтауын Бас прокуратура тексеретінін мәлімдеді.
Vlast.kz деректері бойынша, тексеру 2024 жылғы 23 қараша мен 1 желтоқсан аралығында Өскеменде байқалған қолайсыз экологиялық жағдайға байланысты жүргізіледі.
Үкімет басшысы ШҚО-ның 2024–2026 жылдарға арналған жол картасында өңір бойынша зиянды шығарындыларды 10-20% қысқарта алатын бірқатар табиғат қорғау шаралары көзделгенін атап өтті.
Осындай шаралардың бірі - Өскемендегі «Қазмыш» ЖШС металлургиялық кешенінде күкіртті газды қосымша тазарту қондырғыларын жаңғырту.
«2026 жылға қарай жаңғырту күкірт диоксиді шығарындыларының көлемін 2,2 мың тоннаға азайтуы тиіс. Сондай-ақ ол кәсіпорын жұмысының «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасының индикаторларына сәйкестігін қамтамасыз етуі керек», - делінген хабарламада.
Сонымен қатар, Риддер металлургиялық кешенінде күкірт диоксиді шығарындыларының көлемін азайту үшін «Қазмыш» ЖШС «Гидрополимет» цехын салуды жоспарлап отыр.
Естеріңізге сала кетейік, қараша айының соңында Өскемен тұрғындары ауаның ластануына байланысты денсаулық проблемаларына шағымданған еді. Адамдар қатты әлсіздік сезінгендерін жазған. Олар желіде қаланы тұман басқаны көрінетін фото және бейнежазбаларды жариялаған. Қалада бір аптаға жуық сақталған желсіз ауа райы жағдайды ушықтырған.
Сол кезде ауа сапасының нашарлығына байланысты мектеп оқушылары қашықтан оқытуға ауыстырылып, қала тұрғындарына көшеде аз уақыт өткізуге және қорғаныш маскаларын қолдануға кеңес берілген.
Фонд-бюро расследования коррупции