Астана прокуратурасы лауазымды тұлғаларға пара беруге алаяқтық және азғыру фактісі бойынша қылмыстық істі тергеуді аяқтады.
Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, 2018 жылы пара беруші 672 млн теңге көлемінде айыппұлға сотталған. Жазадан құтылу үшін ол уәкілетті органға айыппұлды толық төлегені туралы жалған құжат ұсынған.
Прокуратура қылмыс фактісін анықтағаннан кейін, сотталғанға жаза айыппұлдан 10 жыл бас бостандығынан айыруға ауыстырылған.
«Алқабилердің қатысуымен өткен сот үкімімен кінәлі адам ерекше ірі мөлшердегі алаяқтық және лауазымды тұлғаға ерекше ірі мөлшерде пара беруге азғырғаны үшін мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырыла отырып, 10 жылға бас бостандығынан айыруға сотталды», - делінген хабарламада.
Сонымен қатар, тергеу барысында құқық қорғау органдары сотталған адамның көп миллиондық айыппұлды төлеуден жалтаруына көмек көрсеткен адамды ұстады.
Естеріңізге сала кетейік, қаңтар айында Жетісу облысында аудандық әкімдіктің бір бөлімінің басшысы сотқа өзінің кәмелетке толмаған баласы бар екендігі туралы жалған құжаттарды ұсынды. Аудандық сот осы анықтаманың негізінде оны қамаудан босатты. Кейінірек анықтамада көрсетілген баланың жоқ екендігі анықталды.
Наурыз айында хабарланғандай, Қостанай облысында 7 ветеринарлық дәрігер құжаттарды қолдан жасауда, жануарларды есепке алудың ақпараттық жүйесіне жалған ақпарат енгізуде, сондай-ақ заңсыз сыйақы алуда күдікке ілінген.
Фонд-бюро расследования коррупции