Астанада азаматтарды бизнес-жобаға инвестиция ретінде ақша салуды ұсынған алаяқтық схеманы ұйымдастырушы сотталды.
Қалалық соттардың баспасөз қызметінің мәліметінше, елорда тұрғыны бизнес-жобаны жүзеге асыру деген желеумен екі жәбірленушінің ақшасын жымқырған. Олар алаяққа «инвестиция» ретінде 100 млн теңгеден астам ақша берген.
Белгілі болғандай, күдікті ақылы тұрақ жүйесі бар автоматтандырылған шлагбаумдарды орнату бойынша жоғары табысты бизнеске қаражат салуды ұсынған.
Тергеу кезінде және сот талқылауы барысында алаяқ кінәсін мойындамаған. Ол жасалған қылмысты азаматтық-құқықтық дау ретінде көрсетіп, материалдық залалды өтеуді қаламай, қылмыстық жауапкершіліктен құтылуға тырысқан.
Алайда прокурорлар ер адамның алған ақшаны мақсатсыз пайдаланып, өз қажеттіліктеріне жұмсағанын дәлелдеді. Сот үкімімен ол келтірілген материалдық залалды өндірумен 6 жыл бас бостандығынан айыруға сотталды.Еске сала кетейік, бұған дейін Дубайдан экстрадицияланған қазақстандық алаяқтық үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Күдікті 2022 жылдан 2023 жылға дейін Алматыда «Wildberries» компаниясына инвестиция ретінде ақша салуды ұсынып, сыйақы уәде етіп, алты адамның ақшасын алдап алған.
Фонд-бюро расследования коррупции